Фарида Рамазанова: Жақсы тұлға өсіру – ұстаздың басты парызы

02.10.2025 20:23

Маман 35 жыл ғұмырын білім беру саласына арнаған

«Жақсы тұлға өсіру – ұстаздың басты парызы». Бұл – алматылық Фарида Рамазанованың ұстанымы. Маман 35 жыл ғұмырын білім беру саласына арнаған. Бүгінге дейін екі жүзден аса шәкірт тәрбиелепті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Фарида Рамазанова отыз бес жылдан бері ұстаздық етуден жалықпай келеді. Бастауыш сынып мұғалімі әр сабағын қызықты, түсінікті етіп өткізуге тырысады. Ол үшін күн-түн демей ізденеді. Жылдар бойы білген-түйгенін әдістемелік оқу-құралдарына жинақтап, түрлі бағдарламалар да ойлап тапқан. Оқушылар сабақ үстінде сурет те салады, ән де айтады.

«Мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені, ұстаз – мақтан тұтар мамандықтардың бірі. Өмірдегі көп мамандықтардың ішіндегі жан-жақты білімділікті, икемділікті, мейірімділікті талап ететін мамандық. Ұстаз болуды бала кезімнен армандадым, таңдадым. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп, өзімнің ауылдағы ұстаздарымнан тәлім-тәрбие алып, осы мамандыққа келдім», – деді № 177 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Фарида Рамазанова.

Бала тәрбиесінен бір сәтке де қол үзбеген ерен еңбек иесі әріптестері арасында да сыйлы. Өзі қызмет ететін №177 мектеп-гимназиясының ұстаздары Фарида апайдың сабақ беру тәсілі, баланың тілін тауып, оқу-білімге бейімдеуі, құлшынысы өзгелерден ерек екенін айтады.

«Шәкірттері сол Фарида апайға қарап бой түзейді. Осы мектепте істеп жүріп бұл кісі қарап отырсам, бір емес 4-5 сыныпты 1 сыныптан 4ші сыныпқа дейін оқытып, орта буынғашығырыпты. Әр сыныптар бойынша бөлініп берілген қоғамдық жұмысқа белсене қатысады, өз маманының шебері деп айта аламын», – деді № 177 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мирагүл Алдиярова.

Фарида Базарғалиқызы жоғары санаттағы педагог-зертеуші. Ол өзінің адал еңбегінің арқасында көптеген марапатқа ие болған. Ұстаздықтан бөлек, 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған ана. Қызы анасының жолын қуып мұғалім мамандығын таңдаған. Отыз бес жылда екі жүзден аса шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаздың мақтанышы – оқушылары. Бүгінде олар білікті маман атанып, елге адал қызмет етіп жүр.

Диана Тұрлыбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: ARMIA.KZ: Қорғаныс министрлігі жаңа ақпараттық сервисті іске қосты