FIRST CHAMPIONSHIP 2025: Алматылық оқушылар алтын медаль иеленді

16.05.2025 15:09

Байқау – жыл сайын АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін, жас инженерлерге арналған ең ірі турнирлердің бірі

Алматылық оқушылар робототехника бойынша халықаралық чемпионаттан алтын медальмен оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

FIRST CHAMPIONSHIP 2025-те әлемнің түкпір-түкпірінен бірегей жобаларымен келген мыңнан астам команда өзара бақ сынады.  Бұл байқау – жыл сайын АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін, жас инженерлерге арналған ең ірі турнирлердің бірі.

FIRST CHAMPIONSHIP 2025 – бұл робототехника саласындағы халықаралық байқау. Негізгі мақсаты –мектеп оқушыларының инженерлік және бағдарламалау дағдыларын дамыту. Биылғы маусымның тақырыбы — су асты әлемін зерттеу және экологиялық мәселелер. Чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам қатысушы жиналды.

«FIRST CHAMPIONSHIP 2025 – болашақта халықаралық жеңіс арқылы университеттерге өтінім берген кезде өте жақсы бағаланды. Сол себепті балалардың қызығушыңы жақсы. Бір жағынан сол да команданың тезірек жиналып, жақсы нәтижеге жетуге көмегін тигізеді», – деді информатика пәнінің мұғалімі, команда жетекшісі Ясынжан Шақан.  

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан құралған алматылық PID командасы сайыста су астында жұмыс істейтін бірегей роботты ұсынды. Жарыс қорытындысы бойынша бұл команда алғаш рет беделді FINALIST AWARD марапатына ие болды. Команда құрамында 10 және 11-сыныпта оқитын 12 оқушы бар. Жас инженерлердің айтуынша, темір құрылғыны жасауға небәрі бірнеше ай кеткен.

 «2023 жылы PID құрама командасы болып құралдық. Командада қазір 12 оқушы. Робототехника бағытында жұмыс жасайды. Роботтарды құрастырудан бөлек, қандай да бір жаһандық проблемаларды яғни экологиялық проблемаларды шеше алатын және STEM саласын кеңейтетін жобалармен айналысамыз. Олар – көбінесе әлеуметтік жобалар», – деді 11-сынып оқушысы Айсұлу Қыдырәлиқызы.

Чемпионат қорытындысында алматылық PID командасы екі бірдей марапатқа ие болды - FIRST CHAMPIONSHIP 2025 турнирінің күміс медалі мен робототехника саласына қосқан үлесі үшін берілетін MOTIVATE AWARD номинациясының алтын медалі. Жас өнертапқыштар болашақта жобаны сайыстан тыс жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Айжан Дайрабай, Якунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: ҰБТ-2025: Қазақстанда тестілеудің негізгі кезеңі басталды