Физиктер лигасы: Алматыда студенттер арасында зияткерлік байқауы өтті

06.04.2026 21:18

Қазылар алқасы командалардың білім деңгейін, шығармашылық ізденісін және ойлау жүйесінің шапшаңдығын бағалады

Алматыда студенттер арасында «Физиктер лигасы» зияткерлік байқауы өтті. Білім додасына қаладағы 5 жоғары оқу орнының командалары қатысып, өзара бақ сынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сайыстың мақсаты - жастардың ойлау қабілетін дамытып, ғылым мен тәжірибені жасанды жадымен үйлестіру, сондай-ақ академиялық белсенділікті күшейту.

«Физиктер лигасына» қатысушылар үш кезең бойынша сынақтан өтті. Алғашқы бөлімде әр студент өз командасын таныстырып, үй тапсырмасы ретінде әзірлеген жұмыстарын ұсынды. Студенттер цифрландыру тақырыбына басымдық беріп, жасанды интеллектінің көмегімен дайындаған бейнероликтерін көрсетті. Ал екінші турда интеллектуалды тест тапсырып, теориялық білімдерін сарапқа салды.

«Биыл жасанды интеллект және цифрландыру жылы. Соған байланысты жаратылыстану бағыттары бойынша барлық іс-шаралар жасанды интеллектпен сабақтасып ұштасып келеді. Сол себепті талантты, дарынды жастарымызды ғылымды, AI-сана жасанды интеллект технологияларын дәріптеу үшін жиі-жиі жинап,  іс-шаралар өткізіп отырамыз», деді Халықаралық көліктік-гуманитарлық университетінің  цифрландыру бойынша проректоры Ерсайын Майлыбаев.

Соңғы кезең «Физикалық баттлда» қатысушылардың жылдам ойлау қабілеті, тапқырлығы мен командалық үйлесімі сыналды. Бұл бөлімде командалар физика заңдылықтарына қатысты сұрақтарға жылдам жауап беріп, күрделі тапсырмаларды қысқа уақыт ішінде орындауға бар ынта-жігерін салды.

«Жюрилердің қорытындысы бойынша, 1 бірінші орын, 2 екінші орын, тағы да 2 үшінші орын беріледі. Студенттерге сыйақы тағайындалған», деді оқытушы Тамара Дигарбаева.

«Жарыста бірінші орын алдық. Лабораториялық жұмыстар көп көмектесті және де бізге үш турдың ішінде ең қиын болғаны тәжірибе жасау болды. Яғни, тәжірибе сайысында біз көптеген заттарды іздедік, құрылыс дүкендеріне барып заттар алдық және де көп уақытымызды осы турға кетті», деді жеңімпаз команданың топбасшысы Нұрдана Оңалбай.

Қазылар алқасы командалардың білім деңгейін, шығармашылық ізденісін және ойлау жүйесінің шапшаңдығын бағалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жастардың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, цифрлық ойлау мәдениетін де қалыптастырады.

Айдана Шалқар, Айжан Дайрабай, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматылық баскетболшылар EYBL «Challenge Cup» турнирінде жүлдегер атанды