Алматыдағы халықаралық көрмеде "Бижан" компаниясы екі бірдей марапатқа ие болды

13.11.2024 20:58

Кәсіпорын 100-ден астам өнім түрін ұсынып отыр

Алматыда "FoodExpo Qazaqstan 2024" халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Орта Азия елдерінен келген компаниялар тамақ өнеркәсібі саласында тәжірибе алмасып, жаңа тауарлары мен тың технологияларын көрсетті. Олардың қатарында шұжық өнімдері мен ет деликатестерін өндіретін "Бижан ет өңдеу зауыты" да бар. Компания көрмеге келушілерге кең өнім түрлерін ұсынып, етті қайта өңдеу ісіндегі жаңашылдықтарын бөлісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

"Бижан ет өңдеу зауыты" 1998 жылдың қазанында Алматыда ашылды. 25 жылдан астам уақыт ішінде компания шұжық өнімдері мен ет деликатестерін өндіретін көптің ішінен алға суырылып шыққан. Кең ассортименті бар кәсіпорын қазір сапасымен және табиғи қоспаларымен ерекшеленетін 100-ден астам өнім түрін ұсынып отыр.

"Алматы қаласында шұжық өнімдері деликатесін, полуфабрикаттар шығарамыз. Және Көкшетауда мал бордақылау базасы бар. Малды өзіміз бордақылап, өзіміз соямыз, ірі қара мен жылқыны сол жақтан алып келеміз. Осы екі компанияда 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Астана, Алматы, Көкшетау қалаларында фирмалық дүкендеріміз бар", - деді "Бижан ЕӨЗ" ЖШС бас директоры Хадиша Бижан.

"Бижан" компаниясында шығарылатын өнімнің сапасын заманауи технологиялар қамтамасыз етеді. Кәсіпорындағы барлық процесс автоматтандырылған, ал жаңа жабдықтар жұмысшылардың жұмысын жеңілдетеді.

Айта кетейік, зауыт бүгінгі көрмеде сапалы өнімі мен салаға қосқан үлесі үшін екі бірдей марапатқа ие болды.

"FoodExpo" көрмесіне жылда қатысамыз. Ол жерде көп шаруашылық өз өнімдерін көрсетеді. Біз аз жасасақ та, сапалы болуы керек деген ұстанымды ұстанамыз", - деді «Бижан ЕӨЗ» ЖШС коммерциялық директоры Самат Дәулетбақов.

"Бижан" ет өңдеу компаниясының қазір үш зауыты жұмыс істейді. Оның екеуі Алматыда орналасқан. Кәсіпорын тұтынушыларына тың технологиямен әзірленген премиум санаттағы ет өнімдерін ұсынуды жалғастыра береді.

Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, Ғани Қалуов, АlmatyTV