Франциядағы Қазақстан азаматтары әкімшілік санкциясыз елге қайтарылады

Сенаторлар тиісті заң жобасын мақұлдады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Франциядағы Қазақстан азаматтары әкімшілік санкциясыз елге қайтарылады. Яғни, олардың аталған мемлекетте заңсыз жүргені анықталса еш айыппұлсыз, әкімшілік жазасыз елге жеткізіледі. Бүгін сенаторлар тиісті заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құжат қос ел арасындағы көші-қон қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Депутаттар келісім халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалғанын айтты. Заңда адамдарды туған жеріне қайтару және өзге елдің аумағы арқылы жеткізу кезінде орындалатын рәсімдер мен тараптардың нақты қандай әрекет жасайтыны да жазылған. Жалпы бүгінге дейін Қазақстан реадмиссиялау туралы келісімдерді 20-ға жуық елмен жасаған. Бұл қатарда Өзбекстан, Ресей, Германия, Швейцария, Польша, Чехия және тағы да басқа мемлекеттер бар.

«Келісімді іске асырып, тікелей өзара іс-қимыл жасайтын құзыретті органдар ретінде Қазақстан мен Франция тараптарынан олардың Ішкі істер министрліктері белгіленеді. Құжаттарды ратификациялау заңсыз көші-қонға қарсы күресте тиімділікті арттыруға және екі елдің аумағында болатын азаматтарды оларға әкімшілік санкциялар қолданбай қайтаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Қайрат Тастекеев.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің сөзінше, Қазақстан азаматы Францияда жүріп, қасақана құқық бұзып, елге жеткізілсе, оған Шенген аймағына кіруге тыйым салынуы мүмкін. Ал егер сырқаттанып қалса немесе құжатын жоғалтып алған жағдайда Францияға қайта бара алады. Құжатқа сай туған жеріне қайтарылатын адамға алты айдан бір жылға дейін жол жүру құжаты беріледі. Сенаторлар мұндай шешім екі ел арасында заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылдың тиімділігін төмендетпей ме деп сауал тастады.

«Алты айлық жарамдылық мерзімін анықтау – әлемдік тәжірбие. Бұл мерзім біріншіден, адамның еліне оралу үшін және екінші жеке куәлігін алу үшн беріледі. Аталған мерзім жедел реадмиссиялауға ешқандай кедергі келтірмейді. Жеделдетілген рәсім бойынша екі күннің ішінде жүзеге асырылады», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Оқи отырыңыз: Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар елден айыппұлсыз шыға алады

Новости партнеров