Футбол жанкүйерлері сүйікті командаларының ойынын еркін тамашалай алады

Қазақстан футбол федерациясы мен Yandex Qazaqstan компаниясы серіктес атанды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан футболы заманауи цифрлық кеңістікке қадам басты. Жанкүйерлер сүйікті командаларының ойынын еркін тамашалап, матч билеттерін онлайн сатып ала алады. Бұған Қазақстан футбол федерациясы мен Yandex Qazaqstan компаниясы арасында орнаған серіктестіктің нәтижесінде қол жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа бастама аясында Yandex Qazaqstan компаниясы Қазақстан футбол федерациясының, Премьер-лига мен ұлттық құраманың ресми серіктесі атанды. Жанкүйерлер «Кинопоиск» платформасы арқылы Премьер-лига мен Қазақстан кубогының ойындарын тікелей эфирде тамашалай алады. Ұйымдастырушылар бұл қадам көрермендермен байланысты күшейтіп, футбол мәдениетін дамытуға серпін беретінін айтты.

«Yandex Qazaqstan цифрлық сервисімен серіктестік құру біз үшін футболды танымал етуге, жанкүйерлерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Ал «кинопоиск» – жанкүйер үшін өте ыңғайлы алаң. Осы платформаның арқасында футболды тамашалағысы келетіндердің қатары көбейеді деп сенеміз. Біздің басты мақсат – футболды баршаға қолжетімді ету», – деді Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория.

Серіктестік тек трансляциямен шектелмейді. Енді матч нәтижелері мен турнир кестесін Yandex Іздеу арқылы да білуге болады. Қажетті ақпаратты алу үшін тек команда атауын енгізу  жеткілікті. Бұл – спорт пен технологияның тиімді үйлесімінің нақты көрінісі.

«Біздің мақсатымыз – жанкүйерге тұрақты, сенімді қызмет ұсыну. Яғни, билетке алдын ала қол жеткізе алатындай жағдай жасау. Сонымен қатар жанкүйерлер матчқа таксимен оңай жетіп, стадионда отырып-ақ тағамға тапсырыс бере алатындай болуы керек. Бұл – күрделі процесс. Бірақ барынша мүмкіндіктерді біріктіруге тырысамыз», – деді Yandex Qazaqstan компаниясының басшысы Тимур Шалекенов.

Келешекте Қазақстан футбол федерациясы мен Yandex Qazaqstan қалалық сервистермен бірігіп, стадион инфрақұрылымын жетілдіруді көздеп отыр. Атап айтқанда, онда арнайы көлік қою, ішіндегі жайлылықты арттыру сынды жобалар қолға алынбақ.

Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген

Новости партнеров