Футболдың болашағы: салада түйткілдер қалай шешілуде

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда аладоп тебуге ден қойғандардың қатары артып келеді. Былтыр елімізде футболмен және футзалмен шамамен 1,5 миллион адам айналысқан. Бұл – түрлі спорт секцияларында жаттығатын барлық қазақстандықтардың төрттен бірі. Қызығушылық «Қайрат» футбол командасының соңғы жеңістерінен кейін арта түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл – Қазақстан футболы үшін жемісті жыл. Өйткені, алғаш рет еліміздің «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасына енді. Ал қыркүйектің соңында испандық «Реал Мадридпен» кездеседі. Отандық футбол үшін бұл матч – Қазақстанды бүкіл әлемге танытып, ел абыройын асқақтататын керемет мүмкіндік, үлкен жетістік. Алайда осындай жоғары деңгейдегі ойын - еліміздегі футболдың тағдырына алаңдаушылық тудырып отыр. Кәсіби аладоп спортының болашағы – тікелей балалар мен жасөспірімдер лигасының дамуына байланысты десек, бұл салада шешімін таппаған түйткілдер шаш етектен екені жасырын емес. Оның бірнеше себебі бар.

Спорт сарапшыларының айтуынша, ең алдымен – жаттықтырушылар жетіспейді, болса да көбінің біліктілігі төмен. Туризм және спорт министрлігінің дерегіне сүйенсек, елде 1 400-ден аса жаттықтырушы жұмыс істейді. Алайда әр үш маманның екеуінде ғана дене шынықтыру білімі бар. Арнайы санаттағылардың да үлесі мәз емес, небәрі 343 адам. Олардың ішінде 267-сі екінші, 72-сі бірінші разрядқа ие. Ал жоғары санатты мамандар саусақпен санарлық. Олар – бар болғаны төртеу.

Екінші кедергі – қаржылық мәселе. Ал отандық футболды дамыту жолында қаражат қол байлау болмауы керек. Бірақ инвестицияны тек мемлекетке жүктеп қоюға болмайды. Бұл ретте демеушілердің рөлі маңызды екені белгілі. Соңғы уақытта бұқаралық футболды қолдап жүрген ірі компаниялардың көбейіп жатқаны көңіл қуантады.

Үшінші мәселе – инфрақұрылымның жетіспеуі. Әсіресе, өңірлік командалардың қыс мезгілінде толыққанды алаңдарда емес, қарапайым спорт залдарында немесе шағын жабық манеждерде жаттығуы қолайсыздық тудырады. Ал кәсіби ойыншыларды тәрбиелеу үшін жыл бойы жұмыс істейтін заманауи инфрақұрылымдарды көбейту қажет.

«34 жыл ішінде клубтық футбол таза мемлекеттің мойнында отырды. Команданың басшысы болып келген адам облыс әкіміне жақсы есеп беру үшін жақсы нәтижеге жетуді көздейді де, не инфрақұрылымға не академияға, не әйелдер футболы, не футзалға мән бермейді. Тек қана кәсіпқой футбол клубына сырттан бір легионерлерді алады. Ал ол легионерлер жарайды бір жылдың ішінде нәтиже беруі мүмкін. Ары қарай ақшасын алады да тайып тұрады. Сонда 34 жыл бойы мемлекеттің әр жыл сайын беріп келген кемінде бір миллиардтан астам теңгесі шетке ұшып жатыр», – деді спорт сарапшысы Есей Жеңісұлы.

Десе де, елімізде соңғы жылдары жаттығу алаңдарын көбейтуге ден қойылған сыңайлы. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, былтыр республика бойынша 220 футбол манежі мен 28 стадион болған. Бұл өңірлердегі футбол секцияларының белсенді жұмыс істеуі үшін жеткіліксіз. Сондықтан министрлік алдағы уақытта жергілікті бюджеттер мен инвестициялар есебінен қосымша 667 балалар футбол алаңы мен жаңа стадиондар салуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ былтыр ел бойынша 18 мыңнан аса футбол секциясы, 8 мыңнан аса футзал тобы тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5 және 26,8%-ға көп. Бұдан бөлек, жаттықтырушылар саны да артыпты. Былтыр спорт секцияларында 7,4 мың маман, ал футзалда 2,4 мың бапкер жұмыс істеген. Ал оның алдыңғы жылы көрсеткіш 6,6 және 20,8 пайызға кем болған.

Елімізде әйелдер футболының да ақсап тұрғанын айта кетейін. Былтыр спорттың бұл түрімен бар болғаны 155 қыз айналысса, бүгінде олардың қатары үштен бірге қысқарған. Оған бапкерлердің аздығы әсер еткен сыңайлы. Бұрын – нәзік жандыларды жаттықтыратын 11 ғана бапкер болса, қазір небәрі 8-і қалыпты. Бұл да бұқаралық спорттың дамуына тосқауыл болып тұр.

Ал кәсіби футболды дамыту үшін еліміз ең алдымен жас спортшыларды тәрбиелеуге қауқарлы болуы керек екені рас. Ол үшін талантты балаларды ерте байқап, дұрыс бағыт-бағдар беріп, отандық футболдың жұлдызына айналуы үшін барлық жағдай жасалуы керек. Сонда ғана ала доп тебуді армандаған әрбір алаш баласы – ел абыройын асқақтатары сөзсіз!

Оқи отырыңыз: Жолдауда айтылған мәселе: Елімізде төрт футбол командасы жекешелендіріліп жатыр

Новости партнеров