Қоғамдық кеңесте экономика, құрылыс, коммуналдық инфрақұрылым, мәдениет және спорт жөніндегі комиссиялардың төрағалары ойын ортаға салды
Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Қоғамдық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесу барысында Алматы әкімі Қоғамдық кеңес соңғы жылдары кеңес беруші ұйым ғана емес, сонымен қатар қоғамдық бақылау мен азаматтық белсенділіктің пәрменді тетігі ретінде де өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өтті.
«Алматының Қоғамдық кеңесі бүкіл елімізге үлгі болды. Қала экологиясы мен цифрландырудан бастап, көлік пен әлеуметтік әділеттілікке дейін өзекті мәселелерін бірге талқылау өз жемісін беріп келеді. Біз жұмысты ашық жүргіземіз және тұрғындардың игілігіне бағытталған бастамаларды қолдауға қашанда дайынбыз», - деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерге ерекше назар аударылды. Бұл - цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу, ғылымды, туризмді, көлікті және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту.
«Алматы еліміздегі ең ірі мегаполис ғана емес, сонымен қатар цифрлық технологиялар, ғылым және бизнес орталығы. Президент белгілеген көптеген стратегиялық басымдық біздің қаламен тікелей байланысты. Осы міндеттерді табысты жүзеге асыру алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және бүкіл елдің дамуына оң әсер етеді», - деп атап өтті әкім.
Басқосуда экономика, құрылыс, коммуналдық инфрақұрылым, мәдениет және спорт жөніндегі комиссиялардың төрағалары ойын ортаға салды. Кеңес мүшелері қаланың дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
Кездесуді қорытындылаған қала әкімі қатысушыларға белсенділік танытқаны және ұсынған бастамаcы үшін алғыс білдірді.
«Барлық ұсыныс мұқият қаралып, бұдан былай жұмыста ескеріледі. Қоғамдық кеңес әкімдіктің сенімді серіктесі болумен қатар, шынайы қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге тиіс. Осындай сындарлы өзара іс-қимылдың арқасында ғана біз қала мен тұрғындар үшін нақты нәтижелерге қолжеткізе аламыз», - деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Алатау ауданында инженерлік желілердің құрылысын мерзімінде аяқтауды тапсырды