Қазақ әдебиетін әлемге танытқан ақын 1936 жылдың 18 мамырында Алматы қаласында дүниеге келген
Бүгін қазақ руханиятының абызы, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері әрі түркі дүниесінің кемеңгер ойшылы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды. Мерейлі датаға орай Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры төрінде салтанатты кеш өтіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы Олжас Омарұлының шығармашылығына арналған тағылымды әдеби-сазды кеш өтіп жатыр. Театр фойесіне кірген сәттен-ақ қонақтар қаламгердің бала шағынан бастап, кемел кезеңі мен бүгінгі бейнесіне дейінгі ғұмыр жолын бейнелейтін фотокөрмені тамашалауда. Ал сахна төрінде ақынның жалынды жырлары оқылып, шығармаларынан театрландырылған қойылымдар ұсынылып жатыр. Кеш барысында қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталып, өнер майталмандары мен зиялы қауым өкілдері естеліктерін бөлісуде.
«Олжас – қоғам қайраткері, ұлт қайраткері, бірде-бір сәт тыным алмай халқына қызмет еткен. Әлиханның сөзімен айтқанда «тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймамын» деген азамат. Тарихты, лингвистиканы зерттеді. Мәселен «Аз и Я» тарихқа ақын көзімен қарағанда деп аталады, мен үшін Олжас – ең бірінші ақын», – деді ақын Алмас Ахметбекұлы.
«Ол кісінің кітаптарын барша қазақ халқы оқиды деп ойлаймын. Себебі, құнды еңбектері баршамыз білеміз. Әлі күнге дейін сұранысқа ие. Тіпті үлкен кісілер ғана емес, жастар да, студенттер де оқиды деп ойлаймын», – деді № 10 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі Талшын Ерсұлтан.
Қазақ әдебиетін әлемге танытқан ақын 1936 жылдың 18 мамырында Алматы қаласында дүниеге келген. Геология саласында білім алғанымен, жүрек қалауы оны сөз өнеріне алып келді. Ол 1960 жылдары қазақ руханиятында алып кометадай жарқ етті. Себебі 1961 жылы жарық көрген «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы ақынды бірден әлемге танытты. Сондай-ақ ақынның 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я» атты еңбегі ғылым мен әдебиет әлемінде үлкен жаңалық болды. Одан бөлек, Олжас Омарұлының есімін әлемге әйгілеген тарихи бастамалардың бірі – «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы. Ол 1989 жылы Семей полигонының зардабын тоқтату мақсатында қоғам қайраткерінің бастамасымен құрылған. Тоқсан жылдық ғұмырында Олжас Сүлейменов әдебиетте де, қоғамда да, тарих алдында да өз сөзін айта білді. Сондықтан оның мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін құнды рухани қазына болары сөзсіз.
Оқи отырыңыз: Ұлт тарихының өшпейтін беті: Олжас Сүлейменов 90 жаста