Ғасырлық мерейтой: Астанада «Әлқисса-Нұрғиса» атты концерт өтті

02.04.2025 20:25

Іс-шарада ұлы тұлғаның құрметіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табыс етілді

Астанада даңқты дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Әлқисса-Нұрғиса» атты концерт өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен іс-шарада ұлы тұлғаның құрметіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табыс етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өмірін өнерге арнаған дара тұлға Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт – торқалы тойдың бастамасы. Қазақ музыкасын 500-ден астам туындымен толықтырған әйгілі композитордың халық арасында кең таралған шығармалары Астана төрінде әуеледі. Қазақтың бағына біткен даңқты дирижердің шығармалары орталық концерт залының сахнасында шырқалды. Опера жұлдыздары мен дәстүрлі ән өнерінің майталмандары өнер көрсеткен кешті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да тамашалады.

«Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған концерт болатынын естіп, қуандым. Оқушымын, 15-16 жыл бұрын «Отырар сазының» репертуарымен таныстым. Қайтадан арманым орындалды!» – деді қала тұрғыны.

«Нұрғиса Атабайұлы – қазақтың өнер қоржынында ерекше орын алатын тұлға. Оның «Әлқисса», «Аққу» сияқты күйлері немесе «Құстар әні»  – халқымыздың жүрегінен орын алған шығармалыр», – деді қала тұрғыны.

Даңқты дирижердің мерейтойы еліміздің барлық өңірінде атап өтіліп жатыр. 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады деп жоспарланған. Оның ішінде көрмелер, концерттер, байқаулар мен фестивальдер бар. Тағы бір айта кетерлігі, осы аптада өтетін кеште көрермендер композитордың архивінен алынған «Махаббат таңы» әнін алғаш рет тыңдайды.

 «Нұрғиса атамыздың әндері ата-анамыздың, аталарымыздың жүрегінде. Қазақ музыкасының, қазақ әнінің шыңырау, шыңға шыққан кезінде жазылған әндер деп ойлаймын», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлы

Асылдың сынығы Дінзухра Тілендиева концертте «Отырар сазы» оркестрінің ән шашуына жетекшілік етті. Ол әкесі туралы әсерлі естелік айтып, өткенді сағынышпен еске алды.

«Әкемінің 70 жылдығы 1995 жылы Опера және балет театрында өткен. Ол кезде көзі тірі, мен 10 жастамын.  Дүркіретіп тойын өткізіп ек, биыл көп дайындалдық», – деді Н. Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева.

Ғасырда бір туатын талантты тұлғаның 100 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтіледі. Мерейтойлық бағдарламаның басты іс-шарасы – Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетін салтанатты концерт. Сондай-ақ АҚШ-та, әйгілі Карнеги-холда көрме ұйымдастырылып, Бейжіңде «Құстар қайтып барады» атты кеште композитордың әндері шырқалады.

Аршат Әділжанқызы, Дания Омар, Дастан Темірбекұлы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Ғасырлық мерейтой: Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды