Маңызды мәселе — геолог кадрларды даярлау ісін қайта жандандыру
Премьер-министр Олжас Бектеновтің Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Қаратас кен орнында жас мамандарды қолданыстағы жобаларға тікелей қатыстыра отырып, даярлауға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің ауқымды бағдарламасы жаңа технологияларды енгізуге және келешегі зор кен орындарын іздеуге ғана емес, отандық геология мектебін қайта жаңғыртуға да негіз болып отыр.
«Маңызды мәселе — геолог кадрларды даярлау ісін қайта жандандыру. Жұмысымызға түгелге жуық өзіміздің отандық мамандарды тартамыз. Басты мақсатымыз — жас геологиялық барлаушылардың жаңа буынын тәрбиелеу», — деді «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев.
Жұмыстарға жер қойнауын пайдаланушылар мен юниорлық компаниялардың мамандары, ғылыми ұйымдар және салалық оқу орындары тартылуда. Олардың қатарында Satbayev University, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ институты және Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжі бар.
Жас мамандар далалық зерттеулер мен бұрғылаудан бастап геологиялық деректерді талдау және цифрлық өңдеуге дейінгі геологиялық барлаудың барлық кезеңінде нақты дағдыларды меңгереді.
Оқи отырыңыз: Алматының барлық ауданында жылу беру мәселесіне жауапты мамандар белгіленді