Олардың қатарында интеллектуалды бейнебақылау жүйелері мен құқықбұзушылықтарды тіркеуге арналған заманауи өнімдер бар
Алматыда GITEX AI Kazakhstan халықаралық форумы жалғасып жатыр. Іс-шараның екінші күнінде 60-тан астам елден келген сарапшылар жасанды интеллект пен цифрлық экономиканың өзекті мәселелерін кеңінен талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар көрме алаңында 300-ден астам компания өздерінің ең озық технологиялық шешімдерін көпшілік назарына ұсынды. Олардың қатарында интеллектуалды бейнебақылау жүйелері мен құқықбұзушылықтарды тіркеуге арналған заманауи өнімдер бар.
Бұдан бөлек, нақты уақыт режимінде деректерді өңдейтін камералар да таныстырылды. Компания өкілдерінің сөзінше, бұл – «ақылды қала» тұжырымдамасын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламалық шешімдердің бірі.
«Біздің өнімдердің мүмкіндігі кең. Себебі камералардың ішінде нейрондық процессорлар орнатылған. Соның арқасында олар көптеген талдау жұмыстарын өз бетінше орындай алады. Адамды анықтау және оның қимыл-қозғалысын талдау сияқты қызметтерді жүзеге асырады. Ал жоғары жылдамдықты камералар жолдағы көліктерді бақылайды. Осындай кешенді жүйе жол ережесін бұзғандарды дәл анықтап, заңды түрде айыппұл рәсімдеуге мүмкіндік береді», – деді Integra city компаниялар тобы техникалық департаментінің директоры Илья Беляков.
Оқи отырыңыз: Алматыда білім беру ұйымдарының үздік тәжірибелері таныстырылды