Президент аспаатың төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала беретінін айтты
Президенттің айтуынша, қос ішекті қастерлі аспап – ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі әрі халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра, - деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Домбыра арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтарымыз жұрт жадында жаңғырып, төрге озғанын, осылайша дәуірлер мен ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталып келе жатқанын атап өтті.
«Шын мәнінде, ұлттың үні саналатын қасиетті аспабымыз қуанышты сәттерде де, қиын кездерде де берекелі бірлігімізді нығайтып, елдің рухын асқақтатуға себепкер болды. Домбыраның күмбірі азаматтарымызды жігерлендіреді, алға нық қадам жасауды көздеген рухани бағыт-бағдарымызбен үндеседі», – делінген Президенттің құттықтауында.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленген қазіргі заманда Ұлы даланың мол мұрасы, әсіресе қара Домбыра төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала беретінін айтты.
Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастыққа қазақ Домбырасының сазды әуенін таныстыру – жалпыұлттық парыз екенін атап өтті. Президенттің сөзінше, аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – Домбыра» деген қанатты сөзі Домбыраны кеңінен дәріптеу ісінде темірқазық іспеттес болуға тиіс.
Сондай-ақ Президент Домбыра күні қарсаңында, 1 шілдеде Халық Конституциясы заңды күшіне енгенін еске салды. Оның айтуынша, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау алғаш рет Халық Ата заңының негізгі қағидаты ретінде айқындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев домбырашыларға, оқытушыларға және ұлттық өнерді Қазақстанда әрі шетелде жоғары деңгейде насихаттап жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.
Құттықтау соңында Мемлекет басшысы қазақтың ән-күйі алдағы уақытта да азаматтарға шабыт беріп, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында жаңа жетістіктерге жетелей беретініне сенім білдіріп, әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке тіледі.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы АҚШ Президентіне құттықтау хатын жолдады