Ынталандыруға негізделген тәсілдің тиімділігін полиция өкілдері де қолдайды
Алматыда бір жыл бойы жол қозғалысы ережелерін бұзбай, көлік тізгіндеген ең тәртіпті жүргізушілер марапатталды. Sergek ITS интеллектуалды көлік жүйесінің деректеріне сәйкес, жүргізушілердің 55,6%-ы көрсетілген кезеңде бірде-бір рет жол қозғалысы ережесін бұзбаған, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sergek Group-қа сілтеме жасап.
Зерттеу барысында жүргізушілердің Алматыдағы ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі тәртібі ескерілді. Яғни, жүргізуші Алматыда жол ережесін сақтағанымен, басқа қалада құқық бұзушылық жасаған болса, ол тәртіпті жүргізушілер қатарына енгізілген жоқ.
Акция аясында жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтап қана қоймай, ең көп қашықтық жүріп өткен жүргізушілер марапатталды. Жеңімпаздарға бір жылдық КАСКО сақтандыру полисіне сертификаттар табысталды.
Марапат иегерлерінің бірі – Евгений Мамроцкий. Қызметінің ерекшелігіне байланысты ол көп уақытын көлік тізгінінде өткізеді. Соңғы бір жылда жүргізуші жол қозғалысы ережесін бірде-бір рет бұзбай, 28 мың шақырымнан астам жол жүрген.
«Ұқыпты жүргізушілердің еңбегі бағаланғаны қуантады. Бірақ ең бастысы – ережені марапат үшін емес, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін сақтау қажет», – дейді ол.
Евгений Ким жауапты әрі қауіпсіз жүргізу мәдениеті тек бақылауды ғана емес, қолдауды да қажет ететінін атап өтті.
«Біз қауіпсіз әрі жауапты жүргізушілерді қолдауды маңызды деп санаймыз. Мұндай тәжірибе көптеген елдерде бұрыннан бар. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін бұзбай, ондаған мың шақырым жол жүрген жүргізушілерді арнайы атап өтуді жөн көрдік. Осы мақсатта Sergek ITS жүйесі арқылы 3 миллионнан астам бірегей көлік құралы қамтылған талдау жүргіздік. Зерттеу 2025 жылғы 1 маусым мен 2026 жылғы 1 маусым аралығында Алматы көшелерінде қозғалған көліктерді қамтыды. Олардың қатарында Алматыда тіркелген көліктер ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен келген және шетелдік нөмірлі транзиттік көліктер де болды. Нәтижесінде Алматыда да, еліміздің өзге өңірлерінде де жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі тіркелмеген 1,7 миллионнан астам жүргізуші анықталды», – деді Евгений Ким.
Ынталандыруға негізделген тәсілдің тиімділігін полиция өкілдері де қолдайды.
Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мегаполистегі көлік ағынының жоғары екенін атап өтті.
«Алматы – көлік саны өте көп ірі мегаполис. Ресми деректер бойынша қалада 750 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Арнайы талдау нәтижесі күн сайын қала жолдарымен қосымша 350–400 мыңға дейін өзге өңірлерден келген көлік қатынайтынын көрсетті. Әрине, құқық бұзушылық үшін жауапкершілік те қажет. Дегенмен жолда заңға бағынатын мінез-құлықты ынталандыру да өз тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл – халықаралық тәжірибе. Осындай оң бастамалар ұқыпты жүргізушілерді жігерлендіріп, өзгелерге де үлгі болады деп сенеміз», – деді ол.
Ал марапат ретінде КАСКО полисінің таңдалуын сақтандыру компаниясы оның әмбебаптығымен түсіндіреді.
Қауіпсіз жүргізуді ынталандыру бағдарламалары әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Онда жол қауіпсіздігі тек бақылау мен жауапкершілікке емес, жүргізушілерді ынталандыруға да негізделген.
Қазақстанда бұл бастама қатарынан екінші жыл жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін осындай марапаттар Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз және Семей қалаларының жүргізушілеріне табысталған болатын.
Ұйымдастырушылар бақылау мен ынталандыруды қатар қолдану қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастырудың тиімді тетіктерінің біріне айналады деп есептейді.
Оқи отырыңыз: 20 маусымда Қазақстан жоғары оқу орындарында құжат қабылдау науқаны басталады