Зайсан ауданында әуежай құрылысының негізгі кезеңдері аяқталуда

27.07.2026 12:00

Жұмыс барысы мен пайдаланылатын материалдардың сапасы Үкіметтің қатаң бақылауында

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Президент тапсырмасымен Зайсан ауданында салынып жатқан әуежай құрылысын бақылады. Мердігер компания - «ЭЛХОН» ЖШС. Бүгінде әуежайдың дайындық деңгейі 85%-ға жеткен, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Кіреберіс жол, инженерлік желілер мен су құбыры салынып, ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы, перрон және дренаж жүйесінің құрылысы мәресіне жеткен. Командалық-диспетчерлік пункт пен әкімшілік ғимарат салынып жатыр. Сол жерде 330-ға жуық адам мен 87 арнайы техника жұмыс істеуде.

«Ең бастысы - сапа. Себебі Шығыстағы екі әуежайдың құрылыс барысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша мен де арнайы келіп отырмын. Ертең бұл әуежай ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететін болады, ал жауапкершілігін де, алғысын да өзіміз аламыз. Сол себепті де бүгіннен бастап әр жұмыстың сапасына жауапкершілікпен қарау қажет», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ Үкімет басшысының бірінші орынбасары құрылыс барысында қолданылатын материалдардың сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.