Гүл қаптамасын аз қолданатындар саны артып келеді
Әлемде күніне 100 миллионға дейін гүл сатылады. Расында, бұл әсем шоқтар ықылас пен құрметтің белгісі. Сондықтан мереке де, қуанышты сәт те онсыз өтпейді. Бірақ сол бір шоқ гүлдің табиғатқа қандай із қалдыратынын көбіміз ойлай бермейміз. Мамандардың айтуынша, гүл өсіру мен оны мыңдаған шақырымға тасымалдау кезінде көп мөлшерде су мен энергия жұмсалады. Ал мерекеден кейін тасталатын гүлдер мен пластик қаптамалар экологиялық мәселеге айналып отыр. Ендеше, бір қарағанда зиянсыз көрінетін гүл саудасының қоршаған ортаға әсері қандай? Экологтар не дейді? Аlmaty.TV тілшісі тарқатады.
Бүгінде гүлге сұраныс артып келеді. Соған сай өндіріс көлемі де ұлғайған. Алайда экологтар бұл саланың көзге көрінбейтін экологиялық салдары барын айтады. Мамандар мәселе гүлдің өзінде емес, тұтыну тәсілінде дейді. Олардың айтуынша, өндіріс барысында химиялық тыңайтқыштар қолданылады, ал бір рет қолданылатын пластик қаптамалар мен жарамсыз болып қалған гүлдер қалдық көлемін арттырады.
Бұған қоса, халықаралық нарыққа шығатын гүлдердің басым бөлігі мыңдаған шақырым жерден тасымалданатыны тағы бар. Мұндай ұзақ жол көмірқышқыл газының бөлінуін көбейтіп, қоршаған ортаға түсетін жүктемені арттырады екен.
«Халық арасында жаппай болатын болса, ол, әрине, экологиялық тұрғыда қалдықтар полигонының толып қалуына әкеледі. Сосын егер дұрыс сұрыптамаса, пленкасы ұзақ жылдар бойы ыдырайды. Одан кейін ыдыраған кезде жерасты суларын ластауы мүмкін. Сондықтан бұл жерде қоршаған ортаға кері әсері бар», – деді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова.
Алайда гүл саудасында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Аружан Халел бұл пікірмен келіспейді. Флористің айтуынша, арнайы өсірілетін гүлдердің табиғатқа кері әсері бар деу дұрыс емес.
Оның айтуынша, соңғы жылдары гүлдерді орауда да өзгерістер байқалып, сыртқы қаптамаларды қолдану азайып келеді.
«Соңғы екі жылдың көлемінде адамдар, керісінше, қағазды қолданбауды сұрайды. «Қағазды азырақ саласыз ба?», «Көп қағаз керек емес» деп сондай адамдардың сұранысын естіп, сөйтіп жинайтын болдық. Біз сататын гүлдер арнайы өсіріледі. Сондықтан экологияға, менің ойымша, ешқандай жаман, зиянды жақтары жоқ. Себебі арнайы жылыжайларда өсіріліп, бізге жіберіледі», – деді флорист Аружан Халел.
Осы орайда қала тұрғындарының да пікірін білдік.
«Жүкті әйелдерді босанғаннан кейін қазір үлкен себеттермен 100, 200 гүл сыйлайды. Мұны өте көп деп ойлаймын. Ол – дарақылық. 200, 1000 гүлге дейін сыйлау – дарақылық. Әдемі бір 10 талға дейін гүл сыйлау керек», – дейді қала тұрғыны Алмаш Ахметбаева.
«Әрбір адамның өз қалауы бойынша берілуі керек деп ойлаймын. Гүлді сол үшін өсіріп жатыр ғой. Ешкім әдемілік үшін тұрған гүлді жұлып алып жатқан жоқ қой», – дейді тағы бір тұрғын Еркебұлан Құндызбеков.
Айта кетейік, ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстанға 10 мың тоннадан астам гүл импортталған. Негізгі жеткізуші елдердің көшін Эквадор бастап тұр. Аталған мемлекеттен 4 586 тонна гүл әкелінген.
Сонымен қатар Қазақстан нарығына гүл өнімдері Қытай, Нидерланд, Колумбия және Кения елдерінен де тұрақты түрде жеткізіледі.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді