Ғылым мен шаруаның ортақ жетістігі: Түркістан облысында жүгері өнімділігі екі есе өсті

Жиында ғалымдар тұзданған жерді қалпына келтіру, суару жүйесін тиімді пайдалану және топырақты ерекшелігіне қарай баптау жолдарын талқылад

Жаңалықтармен бөлісіңіз

222 мың гектар. Бұл – Түркістан облысындағы құнарын жоғалтқан егістік жердің көлемі. Ал 575 мың гектар алқаптың 40 пайызында мелиоративтік жағдай нашар. Мамандардың сөзінше, негізгі себептердің бірі – топырақтың тұздануы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жердің жағдайын білмей тұрып, одан мол өнім күту қиын. Мұны тәжірибелі шаруа Бақытбай Ерден жақсы түсінеді. Ол 15 жылдан бері топырақтану институтының мамандарымен бірлесіп жұмыс істейді. Алқаптағы топырақтың тұздылығы тұрақты тексеріліп, соған қарай қажетті шара қабылданып тұрады. Нәтижесінде жүгерінің өнімділігі екі есеге жуық артқан.

«Ғылыми топырақ тану институтымен жұмыс істесіп келе жатқаныма 15 жылдай болды. Бұлар Германияның дақылын алып келіп екті. Қазір еккен жүгерім – Түркияның өнімі. Бұл өте мол өнім береді. Кеш еккенімізбен, әрқайсысы екі-үшеу салады екен», – деді шаруа қожалығының жетекшісі Бақытбай Ерден

 Дегенмен жердің жағдайын зерттемей, тыңайтқыш енгізу де дұрыс нәтиже бермейді. Өйткені өсімдікке қажетті қоректік элементтердің мөлшері әр алқапта әртүрлі. Сондықтан мамандар топырақты алдын ала саралап, тыңайтқышты нақты қажеттілікке қарай қолдануды ұсынады.

«Ең қажеттісі азот, фосфор, калий. Осы элементтер топырақта да бар. Қосымша тыңайтқыш түрінде де енгіземіз. Егер оның топырақтағыөсімдік сіңіре алатын мөлшерін білмесек, қолданған тыңайтқышымыз зая кетуі мүмкін. Немесе зиян болуы мүмкін», – деді Ө. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану жəне агрохимия ҒЗИ бөлім меңгерушісі Бақытбек Әміров

Жиында ғалымдар тұзданған жерді қалпына келтіру, суару жүйесін тиімді пайдалану және топырақты ерекшелігіне қарай баптау жолдарын талқылады. Жердің тозуына жол бермеу шаруаларға да жауапкершілік жүктейді. Биыл 8 шілдеде қабылданған «Топырақты қорғау туралы» заңда жерді ұтымды пайдалану мен топырақтың құнарын сақтау талаптары күшейтілген. Демек бүгінгі өніммен қатар, оның ертеңгі құнары да басты назарда болуы тиіс.
Нұркен Әкімхан,Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Сыр өңірінде күріш ору науқаны басталады