Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілеттігі кеңейді

17.08.2026 13:57

Сел, көшкін және қар көшкіні қауіптері мен тәуекелдерінің әртүрлі масштабтағы карталарын әзірлеу және қолдану қағидаларын азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып әзірлеп, бекітеді

Depositphotos.com

Қазақстан Үкіметі Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Құжатқа сәйкес, 13 тамыздан бастап министрлікке бірқатар жаңа өкілеттік берілді. Атап айтқанда, министрлік Қазақстандағы шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары филиалдарының, халықаралық және шетелдік оқу орындарының қызмет қағидалары мен олардың ынтымақтастық нысандарын әзірлеп, бекітеді.

Сондай-ақ Қазақстан аумағында білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдары мен шетелдік оқу орындарын тану қағидаларын әзірлеп, бекіту министрліктің құзыретіне берілді. Бұдан бөлек, ведомство денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау қағидаларын келіседі және мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртібі қағидаларын бекітеді. Министрлік мемлекеттік заңды тұлғаларда басқару функцияларын атқаруға байланысты лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді.

Сонымен қатар сел, көшкін және қар көшкіні қауіптері мен тәуекелдерінің әртүрлі масштабтағы карталарын әзірлеу және қолдану қағидаларын азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып әзірлеп, бекітеді. Тағы бір жаңа өкілеттік ғылым қаласын дамытуға қатысты. Министрлік тиісті саланың уәкілетті органымен бірлесіп, мүдделі мемлекеттік органдармен және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен келісе отырып, ғылым қаласын дамыту стратегиясын әзірлейді және келіседі. Стратегияда ғылым қаласы қызметінің басым ғылыми бағыттары қамтылады.

25 тамыздан бастап министрліктің өкілеттігі тағы кеңейеді.

Осы күннен бастап министрлік ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, сондай-ақ аккредиттелген өзге де ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарға қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын әзірлеп, бекітеді. Бұл қағидалар мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісіледі. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс аясында сатып алынған ғылыми жабдықтарды пайдалану және ұжымдық пайдаланудағы ғылыми зертханалар мен академиялық артықшылық орталықтарына қол жеткізу қағидаларын әзірлеу және бекіту министрлікке жүктеледі.

Ведомство ғылым бағыттары және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ұлттық ғылыми кеңестердің тізбесін әзірлеп, бекітеді.

Сонымен бірге ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы венчурлік қаржыландыру қағидаларын, ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға сұралатын қаржыландыру көлемінің (құнының) экономикалық негізділігін бағалау әдістемесін әзірлеп, бекітеді.

Министрлік ұлттық ғылыми кеңестер қараған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың іске асырылуына жүргізілген мониторинг қорытындыларын бекітеді.

Бұдан бөлек, ұлттық ғылыми кеңестің шешіміне сәйкес ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру көлемін (құнын) бекіту де министрліктің құзыретіне кіреді.

Құжатта ғылым қаласы мен ғылыми-технологиялық парктерді дамытуға қатысты бірқатар өкілеттік те қарастырылған.

Атап айтқанда, министрлік ғылым қаласы мен ғылыми-технологиялық паркті дамыту стратегиясының іске асырылуына мониторинг жүргізетін тұлғаны айқындайды. Сондай-ақ осы стратегиялардың іске асырылуына мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеп, бекітеді.

Ведомство ғылым қаласына қатысушылардың тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді. Бұған қоса, мүдделі мемлекеттік органдармен және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органымен келісе отырып, ғылым қаласына қатысушыларға қойылатын талаптарды әзірлеп, бекітеді.

Ғылым қаласына қатысушыларды тіркеу қағидаларын, тіркеу туралы құжатты беру тәртібі мен оның нысанын әзірлеу және бекіту де министрлікке жүктеледі.

Сонымен қатар министрлік тиісті саланың уәкілетті органымен бірлесіп, ғылыми-технологиялық паркті дамыту стратегиясын әзірлейді. Онда парктің басым ғылыми бағыттары қамтылады.

Жаңа өкілеттіктер қатарында төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі талаптарды орындау да бар. Бұдан бөлек, министрлік ерте кәсіби бағдарлау аясында төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықтан өткен Қазақстан азаматының оқуын аяқтаған күннен бастап мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс істеу тәртібін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді.

Сонымен қатар қаулымен Ғылым және жоғары білім министрлігі аппараты басшысының өкілеттіктері белгіленді.

Қаулы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді. Құжаттың жекелеген нормалары 25 тамыздан бастап күшіне енеді.

Оқи отырыңыз: Активтерді қайтару нәтижесі: Жетісу облысында білім беру инфрақұрылымы дамып келеді

Толық көрсету