Ядролық физика институты: биыл зерттеу реакторына 57 жыл толды

26.09.2024 19:10

Орталық геолог-ғалым Қаныш Сәтпаев пен белгілі физик Игорь Курчатовтың бастамасымен құрылған

АЭС-тің шағын макеті саналатын «Ядролық физика институтындағы» зерттеу реакторының жұмыс істеп тұрғанына биыл 57 жыл толды. Алатау ықшамауданында орналасқан қондырғы көмегімен іргелі ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді. Бастысы қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек шығарылады. Зерттеу реакторын қоспағанда, 10 ірі базалық тәжірибелік қондырғы бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ядролық физика институтының негізі 1957 жылы қаланған. Орталық геолог-ғалым Қаныш Сәтпаев пен белгілі физик Игорь Курчатовтың бастамасымен құрылған. Жарты ғасырдан аса уақыт жұмысын жалғастырып жатқан институт алаңында 40 ғимарат және оның әрқайсысында түрлі қондырғы бар. Біреуінде – еліміздегі зерттеу реакторының бірі орналастырылған. Оның қуаты – 6 мегаватт.

Зерттеу реакторы арқылы Қазақстандағы радиофармацевтикалық препараттардың 85 пайызы өндіріледі. Тіпті әшекейге арналған тастар да боялып, қондырғы арқылы өндіріске қажетті заттар дайындалады. Орталықта 600-ден аса маман қызмет етеді.

"Су зерттеу реакторы 1967 жылы құрылған. 57 жыл бойы үздіксіз жұмыс жасауда. Ол екі контурлы. Бірінші контурдағы суды екіншісі суытады. Техниций - 99, йод -131, иридий - 192 сияқты радиофарм препараттар осы реакторда өндіріледі. Ол көпсалалы, археология, ауыл шаруашылығында да қолданамыз", – деді  «Ядролық физика институты» РМК зерттеу реакторы бас инженерінің орынбасары Жақсылық Тезекбаев.

Биылдан бастап радиофармацевтикалық препараттар еліміздегі өңірден бөлек, Қырғызстанға да тасымалданып жатыр. Дәрі-дәрмек жылына кем дегенде 4500 адамға пайдасын тигізеді. Ал бұл өнімдер ыстық камерада сәулелендіріледі. Жұмыстың бәрін мамандар манипуляторлардың көмегімен жасайды. Бес камераның өз қызметі бар. Бірі реакторға жеткізеді, бірі кеседі, ал енді бірі дәнекерлеуге жәрдемдеседі.

"Иридий 192 мұнай компанияларында көбірек қолданылады. Дәнекер жұмыстарын тексереді", – деді  «Ядролық физика институты» РМК инженері Нұрлан Сүгіржанов.

Институт аймағындағы әр алаңда қызу жұмыс жүреді. Алма-кезек қызметке кірісетін мамандар, орталықта ешбір апаттың болмағанын айтты. Себебі әр қадам жіті бақыланады. Ал атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік жыл сайын орталықтың жұмысын тексеріп отырады.

"Зерттеу реакторында 90 адам жұмыс істейді. Оның көпшілігі 40 жасқа дейінгі жас мамандар. Атап өтетін жайт, шетелдік емес, өзіміздегі жоғары оқу орындарын бітірген азаматтар реакторды басқарады, жұмысын қадағалайды", – деді  «Ядролық физика институты» РМК бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Евгений Ермаков.

Орталық 30-дан аса жетекші ғылыми ұйыммен және жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істейді. 2011 жылдан бері институтта 1600 маман дайындалды.

Рүстем Айткәрім, Алишер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Роза Рымбаева АЭС-ке қатысты пікір білдірді