Қазақ тілінде еркін қолдануға болатын бағдарлама ұстаздар мен студенттердің қызығушылығын тудырып отыр
Түркістандық студент жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін жаңа қосымша ойлап тапты. «Ясауи GPT» атты жоба интернетсіз жұмыс істей алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Инженерия факультетінің 4 курс студенті Ислам Абдулахадов «Ясауи GPT» атты тың жобаны қолға алған. Дәл ChatGPT секілді мүмкіндіктерге ие бұл қосымша қазақ тілінде жұмыс істейді.
«Инструмент саналады, 4 модельі бар. Университеттегі студенттермен ұстаздар қалаған нәрсесін жаза алады», – деді студент Ислам Абдулахадов.
Исламның жобасы шетелдік баламаларға қарағанда сұралған ақпаратты терең түсініп, анағұрлым дәл өңдей алады. Әзірге ол бағдарламаға өзі білім алатын инженерия саласына қатысты деректерді енгізген. Алдағы уақытта оны дамыта түспек.
«Инженерия саласындағы сұрақтарға терең жауап береді. Биология қатысты сұрақтар мән бермейді. Оны дамыту үшін Қазақстан бойынша мәлімет жинауымыз керек. Алдағы уақытта тырысамыз деп ойлаймын», – деді Ислам Абдулахадов.
Студенттердің ізденістерін одан әрі жетілдіру үшін университет жанынан жасанды интеллект лабораториясы ашылған.
«Лаборатарияны ашу барысында түрік ағайындар көмегі көп болды. Толық ремонты, жабдықталуы, компьютерлердің алуы, дизайн жұмыстарын өкілетті кеңес тарапынан бөлінген қаржыға жасалды», – деді университет ректоры Жанар Темірбекова.
Сондай-ақ биыл жоғары білім ордасында жасанды интеллектке бағытталған екі жоба мемлекеттік қаржыландыруға ие болған. Олардың жалпы бюджеті 400 миллион теңгеге жетіп отыр.
Нұркен Әкімхан, Мақсат Күнібек, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Алматының Әуезов ауданында жаңа сквер пайда болды