ІІМ сталкингті орташа ауыр қылмыстар санатына енгізуді көздеп отыр

09.06.2026 19:14

Бұл қылмыс бойынша 83 іс сотқа жолданған

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілуі мүмкін. Қазір бұл қылмыс бойынша 83 іс сотқа жолданған. Ал некеге мәжбүрлеу фактілеріне сәйкес, 10-нан астам іс қарауға жіберілген,  деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Дегенмен қабылданып жатқан шараларға қарамастан, әйелдер мен қыз-келіншектерге жасалатын қысым мен қудалау деректері әлі де тыйылмай тұр. Осыған байланысты жауапты органдар сталкингті орташа ауыр қылмыстар санатына енгізіп, оған қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынып отыр.

«Жоқ» деген жауапқа қарамастан адамды соңына дейін аңду, мазалау және тынышын кетіру – сталкинг. Енді мұндай әрекетке барғандар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі заңнамада аңду фактісі үшін екі жылға дейінгі жаза қарастырылған. Алайда іс жүзінде көп жағдайда құқық бұзушылар 30–40 тәулікке әкімшілік қамаумен ғана шектеледі. Сондықтан да елде сталкинг дерегі азаймай тұр. Керісінше, өткен жылмен салыстырғанда мұндай құқық бұзушылықтар саны 15 пайыз өскен.

«Қазіргі таңда 115/1 бап бойынша қатаңдату мәселесі қарастырылуда. Неге десеңіздер, қайталанған қылмысты жасау бойынша ұсыныс жасап отырмыз. Белгіні Қылмыстық кодекске енгізіп және де орта дәрежелі қылмысқа саралап, 5 жыл бас бостандығынан айыру мәселесін қарастырылады», – деді  ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов

Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті бастығының орынбасары Амангелді Досжановтың айтуынша, тіркелген қылмыстық істердің барлығы бірдей сотқа жетпейді,

«Мәжбүрлеп алып кеткен кезде іс неге қысқарады? Олар өзара келіседі жұбайлар.Қыздың тумасы, ағасы немесе туысы ішкі істер органдарына 102-ге апқарат берсе, іс қозғап, тергеу басталады. Бірақ нақты күштеуге бағытталған әрекет болмауына байланысты іс жабамыз», – деді  ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті бастығының орынбасары Амангелді Досжанов.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сталкингті үлкен қылмыстардың бастауы деп атады. Оның айтуынша, мұндай қысымнан тек қыз-келіншектер емес, зейнеткерлер де зардап шегеді. Бұған мысал ретінде депутат Қарағанды қаласында болған оқиғаны келтірді.

«Басында қыз балаға бөтен адам бірнеше рет жақындап «сен енді менімен бірге боласың, жүресің» дейді. «Жоқ, менің бала-шағам бар» дегеннен бастап аңду басталды. Әкесін, шешесін аңдыған. Шешесін ұрып, содан кейін қызды зорлаумен аяқталды. Ақыры ол сотталды», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Еске салсақ, былтыр қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу және сталкинг қылмыстық құқықбұзушылық ретінде заң жүзінде жауапкершілікке тартылатын әрекеттер қатарына енгізілді. Осы уақыт ішінде аталған факті бойынша 274 іс қозғалып, оның 83-і сотқа жолданған. Нәтижесінде 59 адам сотталған.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Бүлдіршіндері сауда үйінде тәрбиеленіп жатыр: Мойынқұм әкімдігі неге жеке кәсіпкерге тәуелді