Бұл – ұлттық парк аумағындағы төртінші кешенді экологиялық нысан
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойына орай «Бұтақты» визит-орталығы пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Табиғат аясында демалуды жөн көретін жұртшылық үшін салынған бұл нысан экологиялық талаптарға сай заманауи форматта бой көтерген. Жаңа кешеннің басты ерекшелігі – мұнда туристер тек тынығып қоймай, табиғатты танып, экологиялық мәдениетін арттыруға мүмкіндік алады. Теңіз деңгейінен екі мың метрге жуық биіктікте орналасқан орталық табиғи ортаға зиян келтірмейтіндей етіп, бетон қолданылмай тұрғызылған.
«Ұлттық парктерге келушілер саны көбейіп келе жатыр. Елімізде 14 ұлттық парк, 10 қорық және 8 саумал бар. Егер 2022 жылы 2 миллионнан астам турист келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7 миллионнан асты. Келушілер саны артқан сайын рекреациялық жүктеме де көбейді, сондықтан ең бірінші кезекте экологиялық тәртіпті сақтау маңызды», – деді ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Жоба авторларының айтуынша, кешенді салудағы негізгі мақсат – тау кластерін дамыта отырып, табиғаттың әсем қалпын барынша сақтау. Орталық бірнеше шағын ғимараттан тұрады және санитарлық жағдайға ерекше мән берілген.
«Біздің тау кластері дамып, қаламыздың әсем қалпын сақтауды қалаймын. Осы табиғатты барынша қорғап, қоршаған ортаға залалсыз жаңғыртуды мақсат еттік. Мұнда санитарлық жағдайға ерекше мән берілді. Жобаның идеясы 2017 жылы келген еді, жоспардың жүйелі орындалғанына ризамын», – деді жоба авторы Сергей Спицин.
Бұл – ұлттық парк аумағындағы төртінші кешенді экологиялық нысан. Соңғы жылдары шетелдік және отандық туристердің қызығушылығы артуына байланысты инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі де туындап отыр. Мамандар алдағы уақытта тағы сегіз туристік нысанды жаңартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Биыл Алматы қаласы мен облыстық туризм басқармаларымен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқарудамыз. Болашақта сегіз туристік нысан жаңартылады. Жыл сайын кем дегенде 10-15 нысанға жаңарту жұмыстарын жүргіземіз. Бұл шаралар келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жасалып жатыр», – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық паркінің бас директоры Елнұр Ахметов.
Визит-орталығын салуға жергілікті бизнес өкілдері мен қала әкімдігі атсалысқан. Жобаға 8,5 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды. Парк әкімшілігінің келесі жоспары – Үлкен Алматы көлі маңында тағы бір жаңа орталық салу.
Оқи отырыңыз: Алматыны газға көшіру: газ турбиналары мен генераторлар орнатылуда