Отандық фильм алдағы уақытта Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Жапония елдерінің кинотеатрында көрсетіледі
165 миллион теңге! Бұл – отандық киногерлер таспалаған «Ерекше» фильмінің прокатынан түскен табыс. Жиналған қаражаттың барлығы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау эндаумент қорына аударылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Картина церебралды сал ауруына шалдыққан бочча спортшысымен танысып, өмірін өзгерткен кейіпкер жайлы. Басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар спортшылардың өмірін кең аудиторияға таныстырып, инклюзия тақырыбына көрермен назарын аудару.
Туындыда кәсіби актерлардан бөлек, 15 бочча спортшысы бар. Қырғызстан ойыншылары да түсірілімге арнайы шақырту алған.
Айта кетейік, отандық фильм алдағы уақытта Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Жапония елдерінің кинотеатрында көрсетіледі. Қазір осыған қатысты келіссөздер жүріп жатыр.
«Мақсат – фильм түсіріп, ақша жинау немесе бір бизнес бастау емес. Инклюзияны дамыту, қоғамда тек комедияға емес, комедияның ішінде әлеуметтік бір түйіні болса екен, соны балалар, жастар, азаматтар түсінсе екен деген ниетпен түсірдік», – деді Қазақстан бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова.
«Бұл фильмнің түсіріліміне қатысу мен үшін маңызды кезең болды. Спортшы болсам да, киноға деген қызығушылығым жоғары. Сондықтан ұсыныс түскенде қуандым. Біз кәсіби актерларға ерекше қажеттілігі бар адамдардың спортпен қалай айналысатынын көрсетіп, тәжірибе алмастық. Мен бочча бойынша Қазақстанның үш дүркін чемпионымын әрі халықаралық жарыстардың төрт дүркін жүлдегерімін», – деді Қазақстанның боччадан паралимпиадалық құрама мүшесі Итиана Шыңғысханова.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік оқушылар есту қабілеті нашар жандарға арнайы көзілдірік жасады