Интернет-алаяқтық көбейді: несие рәсімдеу ережесі өзгереді

11.07.2025 21:23

Елімізде онлайн алаяқтыққа қатысты 12 390 қылмыс тіркелген

Қазақстанда несие беру тәртібі қатаңдатылады. Бұған интернет алаяқтықтың күрт көбеюі себеп. Соңғы деректерге сәйкес, ел бойынша осындай 12 390 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 24,7 пайызға көп, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыда да жағдай алаңдатарлық. Жыл басынан бері шаһарда мұндай 1300-ге жуық оқиға анықталған. Осыған орай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие рәсімдеу ережелерін қатаңдату туралы бастама көтеріп отыр. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқығын қорғауға және алаяқтық әрекеттердің жолын кесуге бағытталған.

Енді несие рәсімдеу бұрынғыдай оңай болмайды. Себебі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк пен микроқаржылық ұйымдарға қатысты бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Жаңа ереже жобасына сәйкес, егер сіз 589 800 теңгеден жоғары сомаға онлайн несие алсаңыз, қаражат бірден қолыңызға тимейді. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін ақша тек 24 сағаттан соң ғана шотқа аударылады. Мұндай шектеу алаяқтықтың алдын алуға бағытталған. Себебі қазір жеке деректерді пайдаланып, бөтен адамның атына несие рәсімдеу жиілеп кеткен.

Жаңа ереже жобасына сәйкес, бірінші рет 600 мың теңгеге жуық немесе одан көп көлемде несие рәсімдеуді көздеген азаматтар енді қаржы ұйымына өзі келуі тиіс. Онлайн қол қою бұл жағдайда жарамсыз. Себебі банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз алушының шын мәнінде өзі екенін көзімен көріп, жеке басын нақты растауы қажет. Сонымен қатар бір тәуліктің ішінде бірнеше микрокредит алуға да шектеу енгізу ұсынылды.

«Егер бір азамат 24 сағат ішінде бірнеше қаржы ұйымынан микронесие рәсімдеп, олардың жиынтық көлемі 150 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, келесі қарыз уақытша тоқтатылады. Бұл - несие алушыға ойлануға мүмкіндік беретін кезең. Себебі соңғы жылдары қысқамерзімді, бірақ көп мөлшерде алынған микрокредиттер салдарынан азаматтардың қарыз жүктемесі күрт артып, төлем қабілеттілігі нашарлап кеткен. Соны азайту үшін осы шара енгізіледі. Бұл тек интернет арқылы рәсімделетін қарыздарға ғана қатысты», - деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры Назар Рахымов.

Сондай-ақ талқыланып жатқан заң жобасына сәйкес, егер қарыз көлемі 1000 АЕК-тен, яғни шамамен 4 миллион теңгеден асса, міндетті түрде жұбайының жазбаша келісімі қажет болады. Бұл талап отбасының мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне зиян келтірмес үшін екінші тараптың келісімі заң жүзінде бекітілмек.

«Енді 3 миллион 932 мың теңгеден асатын несие алу үшін жұбайыңыздың келісімі қажет болады. Бұл талап ерлі-зайыптылар арасындағы қаржылық жауапкершілікті күшейтеді. Алайда жолдасыңыз сізбен бірге несие алушы ретінде көрсетілсе, сондай-ақ қарыз ішкі қайта қаржыландыруға жатса, онда келісім қажет емес», - деді Назар Рахымов.

Айта кетейік, биылдың бірінші жартыжылдығында ел бойынша 12 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда шамамен 25 пайызға көп екен. Құзырлы органдардың мәліметінше, қылмыстардың басым бөлігі жеке деректерді ұрлау, жалған қызмет пен тауар ұсыну, сондай-ақ, банктер атынан жалған қоңыраулар шалумен байланысты.

«Жәбірленушінің үстінен кредитты алу ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен реттелген. Интернет алаяқтықтың түр түрі бар. Сол себепті ол қылмыстық іс сотқа жолданғаннан кейін, үкім шығарғанда оның ең жоғары шегі 7 жылдан аспайды. Яғни, ол үкімге байланысты», - деді қалалық прокуратура басқармасының прокуроры Алихан Тұрғанқұлов.

Әзірше алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жаңа ереже жобасы қоғамдық талқылауға ғана ұсынылды. Құжатқа қатысты ұсыныстар 18 шілдеге дейін қабылданады. Заң күшіне енсе, құқықбұзушылықтарға тосқауыл қою тетіктері күшеймек.

Мәди Мәлік, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Енді төлем картасының дерегін бөгде адамға бергендер жауапқа тартылады