Интернеттегі жауапкершілік: Алматыда рәміздерді пайдалану тәртібі түсіндірілді

04.06.2026 20:36

Мамандар мемлекеттік туды тұрғын үйге, балконға немесе ғимараттың қасбетіне ілуге болатынын айтты

Алматыда мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне қатысты түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Себебі қалада кейбір мекемелердің маңдайшаларында ілінген Ту мен Елтаңбаның талапқа сай орналастырылмауы, жарықтандырылмауы немесе тиісті деңгейде күтіп ұсталмауы жиі кездеседі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі.

Мемлекеттік рәміздердің мәртебесі Қазақстан Конституциясының 9-бабында айқындалған. Ал оларды дайындау, орналастыру, пайдалану мен қорғау тәртібі арнайы Конституциялық заңмен реттеледі. Сарапшылардың сөзінше, бұл талаптар мемлекеттік органдарға ғана емес, барлық ұйым мен азаматтарға ортақ.

«Мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігін, бірлігін және тарихи жадын білдіретін маңызды құндылық. Сондықтан, оларға құрметпен қарау әр азаматтың патриоттық сезімін ғана емес, құқықтық мәдениетін де көрсетеді. Рәміздерді пайдалану тәртібі заңмен нақты реттелген. Айта кетсем, оларды бұрмалау, бүлдіру немесе қадір-қасиетін төмендететін мақсатта қолдану үлкен жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің доценті Нәжия Кәлішева.

Мамандар мемлекеттік туды тұрғын үйге, балконға немесе ғимараттың қасбетіне ілуге болатынын айтады. Алайда басты талап – рәмізді заңға сай, ұқыпты және құрметпен пайдалану. Ту жыртылған, түсі оңған немесе талапқа сай емес жағдайда ілінбеуі керек. Сондай-ақ оны жарнамалық, қорлайтын немесе мемлекеттің беделін төмендететін мазмұнда қолдануға тыйым салынады.

«Мемлекеттік рәміздер мемлекеттік органдарға ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына тиесілі. Сондықтан әр азамат заң талаптарын сақтай отырып, Туды, Елтаңбаны немесе Әнұранды елге деген құрметі мен патриоттық сезімін білдіру үшін қолдана алады. Ең бастысы рәміздерді ұқыпты пайдаланып, олардың қадір-қасиетін түсірмеуі керек», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраева.

 Қазір мемлекеттік рәміздерді цифрлық кеңістікте қорғау мәселесі де өзекті. Әлеуметтік желіде ту, елтаңба немесе әнұранды мазақ ету, фотомонтаж арқылы бұрмалау, қорлайтын мәтінмен жариялау заңбұзушылық ретінде қаралуы мүмкін. Дегенмен әр жағдай жеке сарапталады.

«Цифрлық дәуірде интернет кеңістігінде мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жауапкершілікпен қараудың маңызы ерекше. Сондықтан әр қолданушы рәміздерді бөлісерде, оның ел мәртебесін білдіретін маңызды құндылық екенін ескеруі тиіс», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қауымдастырылған профессоры Әсел Шәріпова.

Уәкілетті органдар «мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманың сақталуын тұрақты бақылауда ұстаймыз» дейді. Тексеріс кезінде анықталған кемшіліктер бойынша мекемелерге нұсқама беріледі, қажет болған жағдайда әкімшілік шара қолданылады. Ал рәміздерді әдейі қорлау деректері құқық қорғау органдарына жолданады. Сарапшылардың айтуынша, жауапкершілікті күшейтумен қатар, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру да маңызды.

«Мемлекеттік рәміздерді қолданған кезде олардың қолданылу тәртібі бұзылмауы керек. Заңның барлық талаптарға сәйкес жеке азаматтар да қолдана алады. Бұл жерде қандай да құқықбұзушылық болған жағдайда ескерту жасалынады немесе айыппұл салынады», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы Қанат Әлихан

 Мемлекеттік рәміз – ел тәуелсіздігі мен тұтастығын танытатын басты белгілердің бірі. Сондықтан оны дұрыс орналастыру, талапқа сай пайдалану және құрметпен қарау - әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Мамандар әсіресе жастар арасында рәміздердің мәнін түсіндіру, цифрлық кеңістіктегі жауапкершілікті қалыптастыру және құқықтық мәдениетті арттыру жұмыстары жүйелі жалғасуы керек екенін айтты.

Айжан Дайрабай, Алмат Ілиясов

Оқи отырыңыз: Алматыда Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтерілді