Интимдік видеоға түсіріп, ақша табуды көздеген: Алматы облысында жетім қыз сыныптастарынан зорлық көріп келген

15.10.2025 19:14

Қыздың жалаңаш бейнероликтерін сатып, қатарластары 45 мың теңге пайда көріпті

Алматы облысында 7 сынып оқушысы қатарластарынан зорлық көрді. Мектеп әкімшілігінің сөзінше, жеткіншектер сыныптасын интимдік видеоға түсіріп, ақша табуды көздеген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жамбыл ауданындағы Қарғалы мектебінде соңғы тәулікте тыныштық қашты. Әлеуметтік желіге оқушылар түсірген жаға ұстатарлық видео тарап, ата-аналар мен жергілікті белсенділер шу шығарды. Белгілі болғандай, балалар 21 қыркүйекте жексенбілік демалыста бір үйге жиналып, ата-ана қарауынсыз қалған бетте 12 жастағы сыныптасын интимдік сипаттағы видеоға түсірген. Білім ордасының айтуынша, оқушының бірі бейнероликті жабық Telegram каналына жүктеп, одан ақша таппақ болды.

«Ата-аналар видеоны көрсетті. Балаларды мектепке шақырттым. Дер кезінде полицияға хабар бердім. Оқиға болған кезде ата-аналар үйде болған жоқ, 4 қыз, 5 ұл болған», – деді №3 Қарғалы орта мектебінің директоры Гүлзара Сераждинова.

Мектеп алдына жиналған ата-аналар сыныптасын қорлаған оқушыларды білім ордасынан шығаруды талап етті. Перзенттеріне алаңдаған олар істің жаңа деректерін жайып салды. Олардың айтуынша, озбырлық көрген қыз жетім қалған, қазір туысқан әпкесінің қарауында. Ата-аналар бір ауыздан «әлгі балалар оны бұл жайтқа дейін де ұрып, күш көрсеткен» дейді. Сорақысы сол, қыздың жалаңаш бейнероликтерін сатып, қатарластары 45 мың теңге пайда көріпті. Оны басқа оқушылардың шоты арқылы аударған.

«Балаларға бірнәрсе істеп қоя ма? Бәріміз қорқып отырмыз. Ана балаларды көрген сайын қорқады. Қыздың айтуынша, балалардың көңіл-күйі болмаса,  ұрады. Жүктелген сайттан олар ақша алған», – деді ата-ана Бибігүл Беглинова.

Айта кетейік, интимдік видеоны түсіріп, оған қатысқан бір топ баланың ішінде 4-6-7 сынып оқушылары бар. Мектепте ішкі тексеріс пен жеке профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тиісті процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Анайы видео түсірген жеткіншектердің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Ал 12 жастағы жәбір көрген қыз сараптамалардан өтіп, қазір психологтармен жұмыс жасап жатыр.

Оқи отырыңыз: Астанада өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған алаяқ сотталды