Халыққа төленетін бірқатар әлеуметтік төлемдер өсті

27.01.2026 09:47

Олардың мөлшері әртүрлі және бірнеше факторларға байланысты белгіленеді 

Depositphotos.com

2025 жылы мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 655,7 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 90,3 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды, - деп хабарлайды Almaty.tv. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

2025 жылдың қорытындысына сәйкес мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 553,9 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 191,9 мың адамды құрады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Осылайша, 2025 жылдың қорытындысына сәйкес 101,3 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 68,6 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері әртүрлі және бірқатар факторларға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 10%-ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 10%-ға артты.

Осылайша, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 111 872 теңгені, 2-топ үшін – 89 498 теңгені, 3-топ үшін – 61 021 теңгені құрайды.

2026 жылығы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 72 409 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 73 306 теңгені құрайды.

Оқи отырыңыз: Ескі банкноталардың мерзімі аяқталады: Ұлттық банк қандай шара қолданбақ