Инвестиция мен токенизация: Астанадағы халықаралық форумда ел экономикасына қаржы тарту жолдары қаралды

09.09.2026 18:35

Форумға 90 елден 7 мыңнан астам адам жиналды

Қазақстанға халықаралық инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Сарапшылар әсіресе туризм мен инфрақұрылымға қаржы тарту маңызды екенін айтты.  Астанада тоғызыншы рет өтіп жатқан халықаралық форумға 90 елден 7 мыңнан астам адам жиналды. Бүгінгі жиынға қатысып жатқан ірі қаржы ұйымдарының басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 26 триллион доллардан асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда инвестиция тарту - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Шетелдік ұйымдар да ел нарығына қызығушылық танытып отыр. Солардың бірі – инвестициялық активтерді басқаратын халықаралық ірі компания. Оның өкілдері Астанадағы жиынға арнайы келген. Өйткені ұйым Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға ниетті. Инвестордың пікірінше, елдегі инвестициялық әлеует тек инфрақұрылым мен туризммен шектелмейді. Жергілікті облигациялар нарығы, зейнетақы активтерін әртараптандыру және цифрлық қаржы құралдары да инвестиция үшін тартымды бағыт бола алады.

«Қазақстанның инвестициялық климаты өте перспективалы. Ең алдымен, инфрақұрылымға ауқымды қаржы қажет. Елдің табиғаты көркем, мүмкіндігі мол. Бірақ қыс мезгілінде туристер аз келеді. Сондықтан қысқы туризмді дамытуға көңіл бөлу керек. Ол үшін көлік қатынасын жақсартып, қонақүйлер мен таулы және көл жағасындағы демалыс орындарын көбейту қажет. Сондай-ақ туристерге ыңғайлы болу үшін ағылшын тіліндегі ақпарат пен жол көрсеткіштерін арттырған жөн», – деді инвестициялық компания өкілі мешал Джабер Аль-Фарас.

Инвестиция тартудың жаңа тетіктерінің бірі – токенизация. Бұл – нақты активті цифрлық үлестерге бөліп, аз қаражатпен қаржы салуға мүмкіндік беретін технология. Мәселен құны миллион долларлық коммерциялық нысанға бірнеше мың доллармен үлескер болуға болады. Астана халықаралық қаржы орталығы токенизацияны ауыл шаруашылығы, музыка және құрылыс салаларында қолдануды бастап кетті. Мамандар бұл тәсіл халыққа инвестициялаудың жаңа мүмкіндігін ұсынып, ел ішіндегі қаражатты экономикаға тартуға жол ашады дейді.

«Токен деген – ол актив. Қолжетімді болғаннан кейін әр таксист, әр үйде отырған ата-ана, 18 жастағы балалар сатып алады. Ол депозиттен де жақсы. Себебі ақша жиналған кезде, жалға берілген кезде блокчейн технологиясы немесе смарт-контракт, алгоритм арқылы бөлініп отырады», – деді Астана халықаралық қаржы орталығы инновациялар жөніндегі бас директоры Талғат Аманбаев.

Қазақстанда цифрлық активтер нарығы қарқынды дамып келеді. Астана халықаралық қаржы орталығында лицензия алған провайдерлердің саны бір жылда 28-ден 35-ке өскен. Саладағы тауар айналымы екі тоқсанның қорытындысы бойынша 5,4 миллиард долларға жетсе, клиенттер саны 270 мыңға артқан. Нарыққа ірі халықаралық криптобиржалар мен цифрлық активтер саласында жұмыс істейтін компаниялар да келіп жатыр.

«Цифрлық актив – бірінші кезекте – мүлік. Бірақ ол – физикалық түрдегі емес, блокчейн жүйесіндегі онлайн пайда болатын, яғни цифрлық мүлік. Бұл мүлікті қалай сатып аламыз? Арнайы рұқсаты бар компанияларға тіркеліп, криптоәмиян ашу арқылы сатып ала аламыз», – деді Астана халықаралық қаржы орталығы қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің директоры Алтай Слямов.

 Әлемнің алпауыт қаржы институттарының өкілдері бас қосқан форум ертең аяқталады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз:  Елімізде өндірістегі жарақат көбейді: енді жұмыс беруші қызметкерді сақтандыруға міндетті

Толық көрсету