Желге ұшған ақша: Жамбыл облысында 5 жыл бұрын берілген баспаналардың шатыры ұшып кетті

Меркі ауылында 44 пәтер кезекте тұрған жандарға 2022 жылы табысталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында пайдалануға берілген әлеуметтік үйлер 5 жыл болмай бүлініп жатыр. Ипотекалық қарызы төленіп бітпеген баспаналардың шатыры ұшып, пәтерлерге су аққан. Ол аздай, арендалық үйлердің қабырғасы да қақырап, пәтер ішін сыз басқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сапасыз салынған баспаналар Меркі ауылының ортасында орналасқан. Бас-аяғы 44 пәтер кезекте тұрған жандарға 2022 жылы табысталыпты. Алайда пайдалануға берілген сәттен бастап үйдің ақауы шығып, мәселе күрделене түскен. Бірер күн бұрын соққан желден бір баспананың шатыры ұшып кетті.

«Біз қуанып, ішіне кіріп алдық қой. «Жағдайы бар керемет үй алдық» деп ойладық. Түнімен ұйықтамаймыз. Шатыры жел болып еді ұшып кетті. Үстінен түніменен су ақты», – деді Меркі ауылының тұрғыны Гүлсім Қанаев.

Жұрт үйлердің қабырғасында жарықшақ пайда болғанын да айтып отыр. Оған қоса жарығы жиі сөніп, су да тоқтап қалады екен. Ортақ кәріз жүйесіне де қосылмапты. Үйлердің қоршауы жоқ, балалар алаңы да қарастырылмаған.

«Менің 7 балам бар, жесірмін. Балаларыммен пәтерден-пәтерге көшіп жүрдім. Осыған да шүкір деп үндемей келіп ем, шатыр ұшып кетті», – деді Меркі ауылының тұрғыны Зүлфия Жансүгірова

Ал аудан әкімдігі тұрғын үйлердің кепілдік мерзімі аяқталғанын айтып отыр. Енді кем-кетікті түзеуге қаржы қажет. Оны жергілікті бюджеттен алу үшін ұзақ уақыт керек. Сондықтан баспаналардың шатырын тездетіп жөндеу үшін демеушілерге өтініш жасаған.

«Қаржыны материалды қарызға сұрап, демеушілерден көмек сұрап, жамап жатырмыз. Бірақ тұрғындардың ұсыныстарын қолдан келгенше орындаймыз», – деді Меркі аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Әкек.әі

Әкімдік арендалық үйлердің инфрақұрылымын да жөндеп береміз деп уәде етті. 1-2 күнде жарық желісін реттеп, бүлінген тұрмыстық бұйымдарды өтеп бермек. Жалпы бірер күн бұрын Меркі ауданында болған желден 9 ауыл жарықсыз қалған.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз:Судың да сұрауы бар: Үкімет суды заңсыз пайдаланатын фермерлерге қатаң талап қоя бастады

Новости партнеров