IQanat республикалық олимпиадасының жеңімпаздары белгілі болды

24.06.2026 16:57

Биыл байқауға еліміздің барлық өңірінен сегізінші сыныпты бітірген 60 мың жасөспірім қатысқан.

Алматыда ауыл оқушыларына арналған IQanat республикалық олимпиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Биыл байқауға еліміздің барлық өңірінен сегізінші сыныпты бітірген 60 мың жасөспірім қатысқан. Үздік шыққан мың оқушы финалдық кезеңге жолдама алып, оның 124-і грант иегерлері атанды. Ақтық сында олар бірнеше пән бойынша білім деңгейін дәлелдеп, өзара бақ сынасты. Олимпиада – ауыл балаларының білім деңгейін көтеріп, олардың әлемнің жетекші оқу орындарына түсуіне жол ашатын бірегей жоба.

«IQanat – тек қана ауылдық балаларды дамытуға арналған Қазақстандық кәсіпкерлердің жобасы. Грант иегерлері Бурабайдағы IQanat high school-ға тегін оқуға мүмкіндік алады. Ал түспеген балалар қордың ұйымдастыратын 3 жылдық олимпиададан кейінгі қолдау жобасына қатысуға мүмкіндік алады», – деді білім беру қорының академиялық директоры Зухра Шегенова

Түлектер тек Қазақстанның емес, шетелдің де беделді жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба іске қосылған 6 жыл ішінде 300 мыңнан астам ауыл баласы қатысқан. Қазір олардың бірқатары 19 елде оқып жатыр. Алдағы уақытта жоба ауқымын кеңейтіп, ауыл жастарына берілетін мүмкіндіктерді молайту көздеп отыр.

«Корея немесе АҚШ-қа оқуға түскім келеді. Қамқоршылар, жобаны жасаған адамдарға, рақмет айтамын. Себебі жыл сайын IQanat ауыл балаларына мүмкіндік беріп отыр», – деді грант иегері Балым Батырхан.

Оқи отырыңыз: Алаш қайраткерлері және ұлттық фольклор: Сейіт Қасқабасовтың соңғы жобасы жарық көрді