«Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалына тоқталып, мемлекеттік қолдаудың көлемі мен оның тиімділігіне, сондай-ақ саланы сапалық тұрғыдан дамытудың басым бағыттарына назар аударды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығына қомақты бюджет қаржысы бөлініп келеді.
«Мемлекеттердің көбі ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөледі. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шаруаларға 2024 жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы. Соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады», – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі артқанымен, әлеуетті одан да жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік бар.
«2015–2024 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болар еді», – деді Президент.
Сонымен бірге егін шаруашылығындағы жетістіктер ерекше атап өтілді.
«Есесіне, егін шаруашылығындағы нәтижелер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығымдылығы мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі», – деді ол.
Алдағы кезеңде мал шаруашылығын дамыту басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленді.
«Енді басқа бағыттардағы жұмысты күшейту қажет. Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның ет экспортында, әсіресе Азия нарығында, үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.
«Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар», – деді ол.
Сұхбатта инвестиция көлемінен бұрын оның тиімді жұмсалуына мән беру қажеттігі айтылды.
«Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ, қомақты инвестиция құю қалаған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар аудару керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы субсидиялау мәселесіне де тоқталып, шағын шаруашылықтардың қолдаудан шет қалмауы тиіс екенін айтты.
«Іргелес елдердің бірде-біреуінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан мұндай ауқымды көмек көрсетілмейді… Дегенмен, еліміздегі шағын шаруашылықтар жеткілікті көлемде субсидия ала алмай отыр. Үкіметке осы мәселеге айрықша назар аудару туралы тапсырма берілді», – деді ол.
Сонымен қатар субсидияның кері әсері болуы мүмкін екені ескертілді.
«Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Үкімет кооперацияны дамытуға басымдық беріп отыр.
«Қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы кооперацияны ауылдың дамуына жол ашатын маңызды құрал ретінде атап өтті.
«Күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол – осы. Кооперацияны бірлік пен жасампаздық идеологиясы деп те қарастырған дұрыс», – деді ол.
Сонымен бірге бұл үдеріс мәжбүрлеусіз, түсіндіру және ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін қадап айтты.
«Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды… бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді», – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты - Қасым-Жомарт Тоқаев