Ірі көлемде есірткі сатқандар ұсталды

10.12.2024 10:04

Жыл басынан бастап Қарағанды облысы аумағында есірткі заттарын тарату және граффити арқылы жарнамалаудың бес дерегі анықталып, ұсталғандар жауапкершілікке тартылды

Қарағандыда есірткі саудасымен айналысқандар ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері мен прокуратураның бірлескен іс-шараларының нәтижесінде Қарағанды қаласының 41 және 53 жастағы тұрғындары ұсталды. Ұсталғандар қала аумағында есірткі сатуды ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Жедел әрекеттердің нәтижесінде заңсыз айналымнан есірткі тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес алынған зат 7,6 келі гашиш екені белгілі болды. 

"Күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.

Полиция есірткіні сату ауыр қылмыс санатына жататынын және ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып, 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.

Жыл басынан бастап Қарағанды облысы аумағында есірткі заттарын тарату және граффити арқылы жарнамалаудың бес дерегі анықталып, ұсталғандар жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ облыс аумағында ірі көлемдегі есірткі зертханасы жойылып, 1 тоннадан аса прекурсор мен 10 келіден аса дайын есірткі тәркіленді.

Оқи отырыңыз: Алматыда 1986 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан құбыржол ауыстырылды