Ішімдіксіз ауыл: Атырау облысында ауыл тұрғындары алкоголь сатудан бас тартты

06.11.2025 20:24

Елдімекенде 300-ге тарта үй түтін түтетіп отыр

Атырау облысы Махамбет ауданында ішімдіктен түбегейлі бас тартқан ауыл бар. Мұндағы дүкендерде екі жылдан бері бір де бір ішімдік сатылмаған. Соның арқасында қылмыс саны да тіркелмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көпке үлгі болған Еңбекші ауылы ауданнан 50 шақырым жерде орналасқан. Мұнда 300-ге тарта үй түтін түтетіп отыр. Ауылдықтар түбегейлі алкогольдік өнімнен бас тартқандықтан соңғы екі жылдан бері дүкендерінде ащы су сатылмайды. Мұнда той-томалақ та арақ-шарапсыз өтеді.

«Мен тұрғындарға отбасылық мерекелерді алкогольсіз өткізуге болатынын айтқым келеді. Жақында ұлымызды үйлену тойын жасадық. Үстелде алкоголь жоқ, бірақ мереке көңілді және тату өтті. Бұрын үйлену тойларында ұрыс-керіс пен төбелес жиі болатын, ал қазір бәрі тыныш», – деді ауыл тұрғыны Айбек Сәтбергенов.

Ауылда жұмыс істеп тұрған жалғыз дүкенде тек азық-түлік пен жеміс-жидек, көкөністер сатылады. Ал алкогольдік өнімге шектеу қойылған. Бұл – бірлескен шешім.

«10 жылдан астам халық үшін жұмыс істеп келеміз. Тұрғындармен бірге алкогольді сатпау туралы шешім қабылдадық. Екі жылдан бері бізде алкоголь өнімі мүлдем жоқ. Адамдар азық-түлік сатып алады, пайда өзгерген жоқ, азайған жоқ», – деді сатушы Эльвира Түспаева.

Игі бастаманың арқасында қазір ауыл жастары да бос уақыттарын спорт пен пайдалы істерге арнап жүр. Содан болса керек, соңғы екі жылда елдімекенде бір де бір қылмыс дерегі тіркелмепті.

«Менің ойымша, көптеген құқық бұзушылық ішімдік ішуден туындайды. Сондықтан, егер басқа ауылдарда алкоголь сатылмаса, құқық бұзушылық азаяды. Бұл ауылда төбелес болмайды және әдетте алкоголь бар жерде болатын басқа заң бұзушылықтар кездеспейді», – деді Аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Айдос Сейтқазиев.

Шалғайдағы алақандай ауыл тұрғындарының бүгінгі тірлігі көпке үлгі. Бірлігі жарасқан ауылға ауданда «Ішімдіксіз ауыл» мәртебесі де берілген.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Әуезов ауданында экономикалық өсім байқалады