Ішкі саясаттағы жұмысты жүйелейді: Ерлан Қарин Президент қол қойған тұжырымдама туралы

05.11.2025 16:56

Құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған

 

Ақорда

Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен ІV отырысында Мемлекет басшысы бірқатар сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ішкі саясат саласында тұжырымдамалық құжат қабылдау қажеттігі жөніндегі бастамасын қолдады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Президент Әкімшілігі жарты жылдан астам уақыт бойы түрлі диалог алаңдарында Ұлттық құрылтай мүшелерінің, сарапшылардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен пікірталастар ұйымдастырды», - деп атап өтті Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, сарапшылық талқылаулардың нәтижесінде ішкі саясат саласында жүргізіліп жатқан жұмысты жүйелейтін тұжырымдамалық құжаттың жобасы әзірленді.

«Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды.
Ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеп, үйлестіруді көздейтін құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Сонымен қатар бұл қоғамға жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың идеялық мәнін және еліміздің болашақтағы бейнесінің айқын бағытын түсінуге мүмкіндік береді», - деп жазды Е. Қарин.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Оқи отырыңыз: Президент Жарлығымен ҚР ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді