Ислам дінінде ағза мүшелерін ауыстыруға рұқсат беріле ме

08.10.2025 20:01

Қазақстанда 4 мың 384 адам ағза трансплантациясын күтіп жүр

Қазақстанда 4 мың 384 адам ағза трансплантациясын күтіп жүр. Оның 121-і бала. Науқастардың басым бөлігі, шамамен 91 пайызы бүйрекке мұқтаж. Ал 222 адамға бауыр, 149-ына жүрек, 27-сіне өкпе, 6-ауына өкпе-жүрек кешенін ауыстыру қажет. Бірақ донор тапшылығының кесірінен жыл сайын 300-ден астам науқас трансплантацияға жете алмай, көз жұмады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандардың айтуынша, донор болуға ниеттілер саны артқанымен, одан бас тартқандар да көбейіп келеді. Қазір eGov.kz порталында 135 мыңнан астам адамның ерік білдіру өтініші тіркелген. Алайда олардың тек 10 мың 724-і ғана қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген.

 «Азаматтар қарқынды еркіндігін білдіргенімен әлі бас тарту көбірек болып тұр. Одан қалды мына 3 жылды салыстырсақ 2023 жылға қарағанда 3 есе көбейді,  4 есе бас тарту көбейді.  Біз неге еркіндікке сонша мән береміз? Бас миы өлімі анықталған кезде, дәрігерлер туыстардан сұрай бастаймыз. Еркіндік анықталса, дәрігерлерге жеңіл болады», – деді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының м. а. Назгүл Жангелдина.

2012 жылдан бері Қазақстанда 3 200-ден астам ағза трансплантациясы жасалған. Олардың басым бөлігі тірі донорлардан алынған ағзалар арқылы жүзеге асыпты. 2023 жылдан бастап елімізде консервацияланған мөлдір қабықты трансплантациялау енгізіліп, 308 ота жасалды. Донорлық белсенділік негізінен Астана мен Алматы қалаларында байқалса, кей өңірлерде бұл көрсеткіш өте төмен. Мамандардың айтуынша, халықтың донор болудан бас тартуына көбіне ағзалардың заңсыз алынуынан қауіптену, жүйеге сенімсіздік және діни ұстанымдарға байланысты күмән себеп болып отыр.

 «Дінімізде сау-саламат салауатты өмір сүру – міндет. Денең, ағзаң – аманат. Ал шариғат рұқсат берген нәрсе аманатқа қиянат болып есептелінбейді. Яғни тірі адамнан тірі адамға болсын немесе қайтыс болайын деп жатқан адам қайтыс болғаннан кейін өзінің ағызасын беруге шариғат рұқсат етеді. Бұл аманатқа қиянат болып есептелінбейді», – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Хожамұратов.

Оқи отырыңыз: Әріптесін өлтіріп, денесін орманға көміп кеткен азамат 10 жылға сотталды