Ағымдағы жылдың соңына дейін төрт нысан іске қосылуы жоспарланып отыр
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Үкімет отырысында Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне 1,9 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда екенін баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша Ұлттық жоба аясында 2,8 мың шақырым су бұру жүйесі мен 5 мың шақырым сумен жабдықтау желілерін, сонымен қатар 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын (КТҚ) жаңарту жоспарлануда. Нәтижесінде 2030 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33%-ға, су бұру желілерін 41%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
Жобаларды кешенді жоспарлау және бақылау үшін Техникалық оператор институты енгізілді. Оның басты қызметі – табиғи монополия субъектілерінің өтінімдерін қарау, жобалау кезінде қазақстандық өнімге басымдық беру, техникалық-технологиялық шешімдерді сараптау мен мониторинг жүргізу. Алайда, аталған институт тапсырыс берушілер мен әкімдіктердің функцияларын алмастырмайды және қайталамайтынын атай кету керек, керісінше техникалық-технологиялық шешімдердің сапасы мен тиімділігін қадағалайтын болады, — деді вице-министр.
Сонымен қатар қаржыландыру көзін анықтау және тарифті кепілдендіру үшін Қаржылық оператор институты енгізілді.
Қуандық Қажкенов атап өткендей, қабылданған шаралар жобалық қателіктердің салдарынан туындайтын шығындар мен мерзімнің ұзаруының алдын алуға мүмкіндік береді.