Әйелін атқа жегіп, сүйреген: Жетісу облысында сотта айыпталушы тағылған айыппен келіспеді

27.11.2025 16:24

Алған жарақаттарынан келіншектің ауруханада көз жұмғаны белгілі

Жетісу облысында күйеуінің қолынан қатыгездікпен қаза тапқан Айзат Жұманованың ісі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл маусым айында Жетісу облысы Баласаз ауылында болған жантүршігерлік жайт қоғамда қызу талқыға салынып еді. Марқұмның туыстары 32 жастағы Айзат Жұманованы күйеуі өлімші етіп сабап, атқа байлап сүйреп, қинағанын көпшілікке жайып салған болатын. Алған жарақаттарынан келіншектің ауруханада көз жұмғаны белгілі. Бүгін істің алдын ала тыңдалымы өтіп, тараптар сотта кездесті. Айыптау актісіне сәйкес, Айбар Жанболат әйелі Айзат Жұманованың біреумен телефонмен сөйлесіп тұрғанын көріп, ашуға салынған. Сол күні ол 8 бөтелке сыра ішіп, мас күйінде әйеліне қол көтерген. Айзаттың ауыр жарақат алғанына қарамастан, күйеуі қысым көрсетуін тоқтатпаған.

«Жанболат Жұманованың өміріне ешбір медициналық көмек қажет еместігіне көз жеткізіп, жедел жәрдем шақыртпай, өзінің аса ауыр қылмыс санатындағы қылмыстық құқық бұзушылығын жасыру және  қылмыстық құқықбұзушылық санатын төмендету мақсатында сол күні сағат 2.30 шамасында Талдықорған қаласының облыстық ауруханасына жеткізіп, Жұманова жансақтау бөлімінде көз жұмған», – деді прокурор Нұрлан Билібеков.

Алғашқыда іс «Абайсызда өлімге әкелген денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабымен қозғалған. Кейіннен жәбірленуші тарап марқұмның мәйітіне эксгумация жасауға мәжбүр болып, қосымша сараптама тағайындаған. Ақыры іс «адам өлтіру» бабына ауыстырылды. Жәбірленуші тараптың қорғаушылары бұл шешіммен келісетінін жеткізді.

«Абайсызда адам өлтіру немесе қасақана адам өлтіру дегеннің айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан қазір сараланып жатқан баппен толықтай келісеміз. Енді 99-бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Әрине, біз ең қатаң жаза қолдануын сұраймыз», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Арман Шәріп.

«Олардың тарапынан күйеубала мойындамағанның өзінде ағайын-туысы кешірім сұраған жоқ. Әлі күнге дейін бір ауыз сөз айтып келген жоқ. Басынан қалай өтірік айтты, әлі күнге дейін сол өтірікке сеніп  отыр. Ең құрығанда,  жаңағы сот залына кіргенде амандасқан да жоқ», – деді марқұмның әпкесі Раушан Дәуренбекова.

Бүгінгі алдын ала тыңдалымда сотталушы тағылған айыптармен толық келіспейтінін айтып, БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсы екенін жеткізді. Алайда судья Әділет Бақытов өтінішті мақұлдамады. Енді қылмыстық істің негізгі сот отырысы 5 желтоқсанда Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында ашық түрде өтеді.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Ауруханадағы науқастардың тамағына бөлінетін қаржы көбеюі мүмкін