Жатақханада 11 отбасы ғана тұрып жатыр
Ақтөбедегі жатақхана тұрғындары баспананың жағдайына алаңдап отыр. 40 жыл бұрын салынған ғимараттың шатыры тесіліп, қабырғалары жарылып, сылағы сөгіліп кеткен. Ал тұрақты ылғалдан көгеру пайда болып, электр желісінде де ақаулар көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл жатақхана шамамен 40 жыл бұрын салынған. Соңғы жылдары тұрғындар қауіп-қатермен өмір сүріп келегенін айтып шағымданды. Өйткені ғимарат көз алдарында қирап жатыр екен. Шатырдан су аққандықтан, бөлмелердің сылағы түсіп, қабырғадағы тесіктен дала көрінеді. Сыртқы кірпіші де үгітіле бастапты. Тұрақты ылғалдан қаьбырға көгеріп, электр желісінде қысқамерзімді тұйықталу жағдайлары тіркеледі.
«Үшінші қабатта тұрамыз. Шатырды үнемі өз ақшамызға жөндейміз. Бірақ одан пайда жоқ, бәрібір су ағады. Кәріз жүйесі де бітеліп қала береді. Ол жатақхана салынған кезден бері ескірген. Ешкім жөндеген де, ауыстырған да жоқ», – деді қала тұрғыны Юлия Удовиченко.
Жатақханада небәрі 27 пәтер бар. Қазір мұнда 11 отбасы ғана тұрып жатыр. Олардың басқа барар жері жоқ. Қалған тұрғындар бөлмелерін әлдеқашан тастап кеткен. Ал осында қалғандар жергілікті биліктен ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуді немесе тұрғындарды басқа жерге көшіруді талап етіп отыр.
«Үйдің жағдайы өте нашар, тұруға қауіпті деп танылды. Тұрғын үй инспекциясына барғанымда, «модернизация жасауға болады» деді. Алайда инспекция бас тартты. Біріншіден, бұл үйдің тұрғындарының төлем қабілеті жоқ, өйткені мұнда мүгедектігі бар жандар көбірек тұрады. Екіншіден, үйдің іргетасы (фундаменті) жоқ. Сондықтан жобаны қаржыландыра алмайтынын айтты», – деді қала тұрғыны Гүлнәр Бердіғалиева.
Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, жатақхана әзірге апатты деп танылмаған. Ал бұл мәртебені қашан алатыны тұрғындардың өзіне байланысты.
«Сатпаев көшесі 62-үйдің тұрғындары жиналыс ұйымдастыру керек. Жиналыс негізінде тұрғындардың тарапынан техникалық тексеріс өткізуге келісім берілуі керек. Яғни, 50%-дан жоғары келісім берілгеннен кейін өз тарапымыздан, яғни, бюджетке өтінім беру арқылы құжаттар тапсырамыз. Ақша бөлінгеннен кейін техникалық тексеріс өткізіп береміз», – деді Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Әсима Омарова.
Ақтөбеде 41 апатты үй бар. Ал мына жатақхананың олардың қатарына қашан қосылатыны әзірге белгісіз. Бірақ мәселе кейінге шегерілген сайын, тұрғындардың баспанада өмір сүруі қауіпті болып барады.
Алина Серегина, Наталья Лаврентьева, Әлихан Молдабек
Оқи отырыңыз: Елімізде жылыту маусымы басталды