Қайтарылған активтер: Жамбыл облысында ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтылды

29.12.2025 19:47

Өңірде 19 әлеуметтік нысан салынып жатыр

Жамбылда жемқорлардан қайтқан қаржыға 19 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Он бес уыл ауыз суымен қамтылады. Бүгінде 9 ауылда су беру ғимараттары мен медициналық пунктердің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таза ауыз сумен қамту жұмыстары Шу, Жамбыл, Талас, Байзақ және Қордай мен Сарысу аудандарының шалғай ауылдарында жүзеге асырылды. Солардың бірі – Байзақ ауданындағы Төрткүл ауылы. Мұнда бұған дейін таза ауыз су мүлде болмаған. Жұрт ауладан құдық қазып, суды тасып ішетін.

«2000 жылдары көшіп келдік. Ол кезде колонкадан су тасып ішетінбіз. Әркім өз ауласынан су айдайтын мотор қойды, 5-6 метрден шығатын су таза емес болса да, ішіп отырдық», – деді Төрткөл ауылының тұрғыны Олжас Сапарбек

Ауыз судың мәселесі биыл шешілді. Қайтарылған активтер есебінен су мұнарасы мен 160 метр тереңдіктен екі ұңғыма қазылды. Оған қоса 240 текше метрлік резервуар орнатылды. Соның арқасында тұрғындарға тәулік бойы тіршілік нәрі таратылатын болды.

«Бар нысандар қосалқы қосымша жабдықталған. Яғни электр тогы сөнген жағдайда, автономды генераторықосылады. Қазіргі стандартқа сәйкес, бактериацидтік сүзгі орналастырылған. Сол арқылы ауыл азаматтары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі», – деді мердігер компания өкілі Мейіржан Ысқақов.

Жалпы Жамбылдағы 15 елдімекенге ауыз су желісін салу үшін 15,4 млрд теңге бөлінді. Жемқорлардан қайтқан қаражатқа 4 ауылда медициналық пункт те салынды.

«Биыл маусымда Қордай ауданында Үлкен Сұлутөр  ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Ол ауылда 1959 жылдан бері денсаулық сақтау саласында нысан болмаған. Жамбыл облысында соғылып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысы Жамбыл облысы прокуратурасының бақылауында тұр», – деді облыс прокурорының аға көмекшісі Нариман Торабеков.

Үкімет республика бойынша қайтарылған қаражат есебінен әлеуметтік маңызы бар 420-дан астам жобаны қаржыландыруды мақұлдады.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Кел, Жаңа жыл: Абай алаңында екі күндік мерекелік концерт өтеді