Қала хикаялары: елімізде республикалық әдеби байқауды жарияланды

17.06.2026 13:43

Әр автор бір ғана шығармасын ұсына алады

Almaty.tv

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқауды жариялады.

Проза жанрына арналған байқау қазіргі Қазақстан қалаларының тыныс-тіршілігін көркем шығармалар арқылы бейнелейтін жаңа есімдерді анықтауға және қолдауға бағытталады. Байқауға қатысушыларға қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер, сондай-ақ ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын көркем туындылар арқылы жеткізу ұсынылады.

Әдеби байқауға Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Қатысу үшін көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ (бір авторлық баспа табақтың көлемі 40 мың баспа таңбасын құрайды) болатын, бұрын еш жерде жарияланбаған қала тақырыбындағы романдар қабылданады. Әр автор бір ғана шығармасын ұсына алады.

Жеңімпаздарды белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтайды. Қорытынды шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Байқау қорытындысы бойынша үздік шығармалардың авторлары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар жүлделі орын алған туындылар 15 мың данамен басылып, еліміздің кітапханаларына таратылады.

Жеңімпаздарға мынадай сыйақылар белгіленген:
Бас жүлде – 100 мың АҚШ доллары;
I орын – 75 мың АҚШ доллары;
II орын – 50 мың АҚШ доллары;
III орын – 30 мың АҚШ доллары.

Байқау жұмыстары 2026 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында қабылданады. 

Оқи отырыңыз: Жаздың соңына дейін еліміздегі жолаушы пойыздары спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі