Қала әкімі Алматыдағы бірқатар нысандардың жаңғырту барысын тексерді

29.12.2025 16:03

Мегаполис басшысы жобаны сапалы әрі уақытылы атқаруды тапсырды

Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы № 56 мектеп-гимназиясын жаңғырту жұмыстары ғимараттың тарихи келбетін сақтай отырып атқарылады. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды айтты. Жұмыс сапарымен білім беру мекемесіне барған шаһар басшысы алдымен сапа мен мерзімді қатаң сақтап, сондай-ақ тиісті басқармалар мен техникалық қадағалау органдары тарапынан бақылау күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен № 56 мектеп-гимназиясына барып, құрылысымен танысты. Жоба аясында мұнда оқу сыныптарын, зертханалар мен арнаулы кабинеттерді жаңарту, сондай-ақ оқушылардың ғылыми, техникалық қызығушылығын арттыруға жағдай жасалады. Сонымен қатар демалыс аймақтары, асхана және оқу залдары бар кітапхана салу жоспарда бар.

«Қайта жаңғырту аясында мектепті сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу қарастырылған. Қазір демонтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйекте бастағанбыз, сәуірде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді мердігер ұйымның директоры Евгения Шин.

Жұмыс сапары аясында қала әкімі инфрақұрылымды дамыту және көріктендіру жобаларының іске асу барысымен танысты. Шаһар басшысы ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізілген «Қазақстан» қонақ үйіне барды. Нысан тарихи келбетін сақтай отырып, жайлылық пен қызмет көрсету стандарттарына сай өзгерген. Келер жылы қонақ үйге іргелес аумақты көріктендіру жоспарланып отыр.

«Біз бос кеңістікті көбейтуге тырыстық. Интерьерін түгел өзгерттік. Сыртқы келбеті секілді қайталанбас етіп жасағымыз келді. Сондай-ақ меймандар үшін барынша қолайлы, жайлы жасадық. Айта кету керек, тек кіреберісті, дәліздерді емес, бөлмелерді де жаңарттық», – деді құрылыс компаниясының өкілі Дария Райенко .

Қала әкімі Жамбыл көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында орнасқан тұрғын үйлердің қасбеттерін қайта жаңарту барысымен де танысты. Жұмыстарда табиғи және сәндік тастар қолданылып, құрылыстың сәулеттік келбетін сақтау талаптары қатаң сақталыпты. Мегаполис басшысы жобаны сапалы әрі уақытылы атқаруды тапсырды.

«Мұндағы жұмыстар қарашада басталды, жыл соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қала орталығында болған соң тартымды, көз қуантарлықтай етіп жасауға тырысып жатырмыз. Бұл жұмыс шаһар әкімінің тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр», – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты ТҮКШ бөлімінің басшысы Руслан Айтанов

Дархан Сатыбалды Шоқан Уәлиханов атындағы сквердің жай-күйімен танысуға көңіл бөлді. Қазір онда көріктендіру жұмыстары қарқын алған. Қала әкімі жауаптыларға қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болу қажет екенін баса айтты.

Гүлмарал Изатқызы, Әмина Үсенова, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Almaty TV көрермендеріне жаңа жылдық ерекше көңіл күй сыйлайды

Теги: Алматы