Шаһарда шамамен 95 мурал бар
Алматыда қала көркін айшықтайтын муралдар қатары артып келеді. Шаһар қабырғаларын әртүрлі тақырыптағы 95 туынды безендіріп тұр. Бірінде – елге еңбегі сіңген қайраткер, енді бірінде – мәдениет өкілдері бейнеленген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының алып қабырғалары қала тарихын сөйлетіп тұр. Бірінде – ел басқарған қайраткер, енді бірінде – қазақ өнерінің дара тұлғалары бейнеленсе, тағы бірі айтулы оқиғалар мен қоғамдық тақырыптарға арналған. Қазір шаһарда шамамен 95 мурал бар. Мәселен, биыл Медеу ауданындағы көпқабатты үйлердің біріне қазақтың бұлбұлы Роза Бағланованың алып бейнесі бедерленді.
Осыдан төрт ай бұрын Самал-3 шағынауданында орналасқан Меңдіқұлов көшесіндегі 21-үйде КСРО Халық әртісі Роза Тәжібайқызы Бағланованың муралы салынды. Бұл мекенжайдың таңдалуы бекер емес. Өйткені қазақтың бұлбұлы дәл осы үйде тұрған. Көркем туындыны салғызуға тұрғындардың өздері бастамашы болып, әкімдікке өтініш білдірген.
«Медеу ауданында 6 мурал орналасқан. Олардың барлығы да қала көркін ашып тұр деп айта аламын. Өйткені көптеген туристер келіп, суретке түсіп, қызығып жатады. Ал 4 ай бұрын салынған Роза Бағланова муралы туралы айтатын болсақ, тұрғындар риза. Өйткені ол тұрғындардың қалауымен салынды», – деді Медеу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Аружан Әлиева.
Қала қабырғасына салынған тұлғалар мұнымен шектелмейді. Алматының тағы бір бөлігінде тұтас бір дәуірдің тынысын аңғартатын алып туынды бар. Ол – Дінмұхамед Қонаевтың бейнесі.
Ел тарихында өшпес із қалдырған мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың алып бейнесі Алатау ауданында қарасты Бауыржан Момышұлы мен Мөңке би көшелерінің қиылысында орналасқан 15-үйдің қабырғасына бедерленген. Туындының ені – 15, биіктігі – 12 метр. Мұнда Қонаевтың портретімен қатар, ол ел басқарған кезеңде бой көтерген 43 қаланың атауы жазылған.
«2022 жылы топ құрдық, аты - Korinis Wall. Содан бері Қазақстан бойынша 100 шақты мурал салдық. Соның ішінде Алматы қаласында шамамен 10-15 шақты туындымыз бар және Қонаев атамыздың суретін шамамен 3 күн уақытта аяқтадық», – деді кәсіби суретші Мейірлан Есенғалиев.
Алматының қабырға өнері алдағы уақытта да жаңа туындылармен толыға бермек. Өйткені әр муралдың өзіндік айтар ойы, қоғамға жеткізер үні бар. Бірі – тарихтан сыр шертсе, енді бірі жастарды салауатты өмір салтына үндеп, нашақорлық пен өзге де зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырады. Сондықтан мамандар мұндай туындылардың тәрбиелік мәні зор екенін айтады.
Мәди Мәлік, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Қалдықтан – жаңа өнімге: Алматыда ECO Network ұйымдастыруымен экоуикенд мәресіне жетті