Үміт үзбеңіздер: алматылық көпбалалы ана баспаналы болды

18.09.2026 18:15

Алатау ауданындағы Мәдениет шағынауданында басталған тұрғын үй үлестіру жұмысы – биылғы бағдарламаның төртінші кезеңі

Қала күні қарсаңында үй кезегінде тұрған мыңға жуық алматылық пәтер беріліп жатыр. Бүгін мегаполис басшысы Дархан Сатыбалды 10-нан аса отбасына баспана кілтін ресми түрде табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің қатарында әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтармен бірге тұрақты еңбек етіп жүрген алматылықтар да бар. Қалада тұрғын үй беру кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Алғашқыда екі науқанда 2717 отбасы баспаналы болған. Үшінші кезеңде тағы 640 пәтер үлестірілуде. Бүгін басталған төртінші кезеңде кезекте тұрғандарға мыңға жуық пәтердің кілті беріледі. Жыл соңына дейін шаһардың 11 мыңнан астам тұрғынын баспанамен қамту жоспарланған. Оның ішінде несие алғаны да, жалдама пәтер де бар.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлеуметтік әділеттілікті назарда ұстап, азаматтардың әл-ауқатын арттыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындап отырады. Алматыда да  бұл міндеттер жүзеге асуда. Биыл басталған тұрғын үй беру жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Алматы – түрлі тағдыр тоғысқан, еңбекпен өркендеген болашаққа ұмтылған қала. Біз шаһарда өмір сүріп, еңбек етіп жатқан әр отбасы үшін қолайлы жағдай жасауға міндеттіміз», – деді  Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Айнұр Абылханова бұл күнді 8 жыл күткен. Баспана кезегіне 2018 жылы тұрыпты. Жолдасынан айырылған соң, келіншек 2 баласын тәрбиелеп, өз шаңырағына қол жеткізуді мақсат еткенін жеткізді. Балалары ер жетіп, кәмелетке толғанда Айнұрдың баспаналы болуға деген үміті де саябырсыған екен. Алайда бірнеше күн бұрын күтпеген хабар жетіпті. «Арман еткен баспана кілтін алатынын білгенде төбесі көкке жетіп, қуанышты жасыра алмадым» дейді. Бүгін көптен күткен кілтін қолына алды. Екі баласымен бірге өз үйінің табалдырығын аттауға дайын.

«Жұмыста отырсам «Құттықтаймын, баспаналы болдыңыз!» деп қоңырау шалды.   Ертесінде қол қоюға бардым, бүгін кілтті қолыма ұстатып, пәтеріме кіргізді. Қуантып жатыр. Үмітімді үзген ем, сіздерге айтарым жақсылықтан үміт үзбеңіздер!», – деді қала тұрғыны Айнұр Абылханова.

«Қызым «Отбасы банктен» үйлі болып жатыр. Екі баласы бар. Мен әкесімін.Қазақ халқы үйлі болсын, балалар, жастар үйлі болсын. Қызыма берген жолды жастарға берсін», – деді қала тұрғыны Мәдіхан Райымбеков.

Жастардың баспана мәселесін шешуге де басымдық берілген. «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы биыл 1650 жас маманға жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру көзделген. Қазір 809 азамат қажетті қаржыны алып үлгерген. Қалған қатысушылар бойынша іріктеу жалғасып жатыр. Қала билігінің айтуынша, тұрғын үй саясаты әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсетумен шектелмейді. Тұрақты табысы бар, еңбек етіп жүрген тұрғындарға да баспаналы болуға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылған.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматыда қала күніне орай күрделі жөндеуден өткен екі балабақша ашылды

Толық көрсету