2026 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты жаңа талап енгізіледі
Әлеуметтік желіде тараған түрлі аудиожазба бүгін еліміздегі мыңдаған жүргізушінің ойын сан-саққа жүгіртті. «Қаланың ішінде жылдамдық шектеле түседі», «60» белгісі қойылған жерде, сағатына 66 шақырым жүргендерге айыппұл келеді» деген ақпарат көпті қобалжытты. Ішкі істер министрлігі бұл деректің негізсіз екенін растады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлеуметтік желіде желдей есіп, лезде тараған аудиожазбалар ел тұрғындарын әбден алаңдатып қойды. Таң ата салысымен жүргізушілер дәл осы тақырыпты қозғап, ойын жер-жерде айтып жатты. Бірі бұл дерекке сенсе, енді бірі күмәнданған. Ал кейбірінің ақпаратты білмейді.
БЛИЦ:
«Ондай естіген жоқпын. Бірақ 65-66 шақырмнан аспаймын».
«Заңмен жүрген дұрыс деп ойлаймын. 70 болса, 70-пен жүру керек».
«Заңға бағыну керек».
Заңды білетін тәжірибелі жүргізушілер өзгелер айтқан ақпаратқа сене салуға болмайтынын айтып отыр. Сала қызметкерлері «деректі тиісті органдар ресми хабарласа ғана таратқан дұрыс» дейді.
«Әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Және де 60 жол белгісі орнатылған жерде 70-ке дейінгі жылдамдықпен жол жүруге рұқсат. 70-ден асқандарға ғана айыппұл жолданатынын хабарлаймыз. Ауа райының өзгеруіне байланысты жол ережесін сақтауды сұраймын», – деді Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Темірлан Мұқатай.
Тәртіп сақшыларының айтқан үндеуіне құлақ асқан жөн. Заңға бағынған абзал. Десе де, өзгерістің болатынын да ұмытпаған жөн. Әңгіме жылдамдықтың мөлшеріне емес, тәртіп бұзғандар арқалайтын айыппұл бағасына қатысты болып отыр. Себебі 2026 жылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты жаңа талап енгізіледі.
Қаржы министрлігінің «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында бір айлық есептік көрсеткіштің – 4325 теңге болатыны жазылған. Демек 393 теңгеге өскен. Сол себепті жылдамдықты сағатына 10 километрден асырғандар 21 мың 625 теңге төлеуі керек. Ал 60 деп белгіленген жерден 80-мен жүрсеңіз 43 мың 250, 100-бен өтсеңіз – 86 мың 500 теңге бересіз. Бір жылдың ішінде әрекет қайталанса, жүргізуші 129 мың 750 теңге төлеуге міндетті. Бұдан бөлек, бағдаршамның қызыл түсін елемегендер 43 мың 250, көлікті дұрыс қоймағандар 21 мың 625 теңге мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Атап өтейік, сала мамандары тақырыпқа қатысты қандай да бір ақпарат тараса, оны тексеріп алудың маңызды екенін айтады. Себебі, жалған дерек жеткізгендерге де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Қызылордада кәмелетке толмаған баласына рөлді берген анаға айыппұл салынды