Ауданның кей бөлігінде егістікке су жеткізетін сорғы станциялары да тозған
Су бар, бірақ егістікке жетпейді. Түркістан облысындағы шаруалар бірнеше жылдан бері осы түйткілмен бетпе-бет келіп отыр. Кейбір каналдардың ішін қамыс пен қоға басып қалған. Салдарынан ағын судың бір бөлігі егіске жетпей, жерге сіңіп жатыр. Тіпті Отырар ауданындағы диқандар тіршілік нәрінің тапшылығынан алқапқа өнім егуден бас тартуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Отырар ауданындағы «Алтынбеков» каналының бойында 2100 гектар суармалы жер бар. Алайда тозығы жеткен арнаны қамыс пен қоға басып қалуына байланысты су егістікке жетпей жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, соңғы 7-8 жылда осы мәселенің кесірінен көптеген алқап қараусыз қалған.
«Біздің егетін дақылымыз негізінен жоңышқа, жүгері және мал азығы. Су тапшылығына байланысты бар болғаны 200 гектарға ғана тіршілік нәрі келеді. Оның өзінде су өз екпінімен келмей, мотордың көмегімен тартылып суғарылады», – деді Отырар ауылының тұрғыны Темірхан Қасиетов.
Алайда түйткіл тек каналдардың жағдайымен шектелмейді. Ауданның кей бөлігінде егістікке су жеткізетін сорғы станциялары да тозған. Мәселен, 1980 жылдары іске қосылған «Қызылту» станциясы бұрын 5 мың гектарға дейін су берсе, бүгінде оның қуаты 700 гектарға ғана әрең жетіп отыр. Жағдайды реттеу үшін биыл мұнда 16 жаңа сорғы орнатылды.
«Егер тағы 2 сорғы қосылса, бұрынғы 5 мың гектарды толық игеруге мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ «Қызылту» сорғы станциясы маңындағы су шығыны өте көп. Егер бұл аумақты да 2027 жылға дейін бетондап берсе, диқандарға үлкен көмек болып, су да айтарлықтай үнемделер еді», – деді Қоға ауылының тұрғыны Жұмабай Жылқыбайұлы.
Жалпы Отырар ауданында 112 канал бар, бірақ оның 12-сі ғана бетонмен қапталған. Биыл тағы үш су арнасы күрделі жөндеуден өтуде. Ал қалған инфрақұрылымды жаңарту жобалары кезең-кезеңімен әзірленуде.
«Қазводхоз» тарапынан Отырар ауданындағы 54 каналға қатысты жоба әзірленуде. Сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру ұсынылады. Нәтижесінде 30 мың гектар жерді сумен қамту жақсарып, су шығыны 40 пайызға дейін төмендейді», – деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының бөлімше басшысы Бекзат Жаңатаев.
Бұл –тек бір ауданның ғана емес, өңірдің түйінді мәселесі. Қазір Түркістан облысында ұзындығы 300 шақырымнан асатын 100-ге жуық канал мен 1400-ден астам гидротехникалық нысан жаңғыртылуда. Басты мақсат – тіршілік нәрін егістікке шығынсыз жеткізу.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында ашық жатқан каналдар балалар өміріне қатер төндіріп тұр