Жадыны жақсарту үшін күнделікті рационды тұтастай өзгерткен тиімдірек
Дұрыс тамақтану тек дене саулығына емес, мидың жұмысына да әсер етеді. Мамандардың айтуынша, көкөніс, жеміс-жидек, бұршақ тұқымдастар мен тұтас дәнді дақылдарға бай рацион есте сақтау қабілеті мен зейінді сақтауға көмектесуі мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қаражидек пен басқа да жидектер
АҚШ Ұлттық қартаю институтының (NIA) дерегінше, қаражидек, көкжидек және қара бүлдірген сияқты қара түсті жидектер құрамындағы пайдалы өсімдік қосылыстарының арқасында ми жасушаларын зақымданудан қорғауға ықпал етеді.
Жидектердің когнитивтік функцияларға әсері зерттеулерде де қарастырылған. Кейбір жұмыста олардың зейін, есте сақтау және ақпаратты өңдеу қабілетіне оң әсері байқалғанымен, бұл бағыттағы ғылыми дәлелдер әлі де толық емес.
Бұршақ тұқымдастар ұзақ уақыт тоқтық сезімін береді
Ноқат, бұршақ және жасымық сияқты бұршақ тұқымдастар өсімдік ақуызы мен талшыққа бай. Олар ағзаны энергиямен қамтамасыз етіп, қандағы қант деңгейінің күрт өзгермеуіне көмектеседі. Бұл ұзақ уақыт бойы сергек болып, зейінді сақтауға ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар бұршақ тұқымдастар көкөністер, жаңғақтар, тұтас дәнді өнімдер және балықпен бірге ми саулығына пайдалы деп саналатын Жерорта теңізі және MIND тәрізді тамақтану үлгілерінің құрамына кіреді.
Көкөніс пен тұтас дәнді дақылдарды көбейткен дұрыс
Мамандар күнделікті ас мәзірін теңгерімді құруға кеңес береді. Қарапайым тәсіл бойынша тәрелкенің жартысын көкөніс пен көк шөпке, төрттен бірін тұтас дәнді өнімдерге, қалған бөлігін ақуызға бай тағамдарға бөлуге болады.
Мысалы, көкөністерге жапырақты көк шөптерді, ал тұтас дәнді өнімдерге сұлы, қарақұмық, қоңыр күріш және тұтас дәнді нанды жатқызуға болады.
Жасыл жапырақты көкөністердің ми саулығына ықпалы да зерттелген.
NIA мәліметінше, көкөніс, жидек, бұршақ, жаңғақ, тұтас дәнді дақылдар мен балыққа басымдық беретін MIND және Жерорта теңізі үлгісіндегі рациондар когнитивтік денсаулықпен байланысты болуы мүмкін.
Балықты да ұмытпаған жөн
Миға пайдалы рацион туралы сөз болғанда балық пен теңіз өнімдері де жиі аталады. Олар омега-3 май қышқылдарының көзі болып саналады.
Ғылыми шолулар көкөніс, жеміс-жидек, бұршақ тұқымдастар, жаңғақ, қанықпаған майлар және балыққа бай тамақтану үлгісі жас ұлғайған кезде когнитивтік бұзылыстар қаупінің төмендеуімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Дегенмен ғалымдар бұл байланысты нақты себеп-салдар ретінде бағалауға әлі ерте екенін атап өтеді.
Бір ғана өнімге сенудің қажеті жоқ
Мамандардың пікірінше, есте сақтау қабілетін жақсартатын «сиқырлы» бір өнімге ғана назар аударғаннан гөрі, күнделікті рационды тұтастай өзгерткен тиімдірек.
2024 жылғы жүйелі шолу да егде жастағы адамдарда дұрыс тамақтанудың есте сақтау мен когнитивтік функцияға әсері болуы мүмкін екенін көрсеткенімен, клиникалық зерттеулердегі нәтиже әзірге біркелкі емес екенін анықтаған. Сондықтан дұрыс тамақтануды ми саулығын қолдайтын факторлардың бірі ретінде қарастырған жөн.
Жалпы алғанда, күнделікті ас мәзіріне көкөніс пен көк шөпті, жидек пен жемісті, бұршақ тұқымдастарды, жаңғақтарды, тұтас дәнді өнімдер мен балықты тұрақты қосу пайдалы.
Сонымен қатар ми саулығын сақтау үшін жеткілікті ұйқы, дене белсенділігі және қан қысымын бақылау да маңызды.
Оқи отырыңыз: Жас көрінудің қарапайым құпиялары қандай