Бәйгеге 49 бүркіт, 15 ителгі және 10 қаршыға қатысқан
Арқаның кербез сұлу Көкшесінде ата-бабадан қалған саятшылық өнері қайта жаңғырды. Ақмола облысына қарасты Айдарлы ауылында халықаралық «Қансонар – 2026» құсбегілік турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық турнирге 80-нен астам құсбегі қатысты. Саятшылар Түркия, Моңғолия, Қытай және Ресейден жиналды. Жалпы бәйгеге 49 бүркіт, 15 ителгі және 10 қаршыға қатысқан. Мәселен, Түркиялық Мутлу Кызылбулга Қазақстанға осымен алтыншы рет келіп отыр. Ол қазақ халқының дәстүрлері мен құсбегілік өнеріне ерекше қызығатынын айтады. Бұл жолы ителгімен жарысып, үшінші орынға ие болды.
«Мен қазақ халқын өте жақсы көремін. Қыран құспен аң аулау – қазақ халқының ең қызықты өнерлерінің бірі. Осындай жарыстар Түркияда да өтсе екен деймін. Сол кезде қазақ бауырларымызды өз елімізге шақырар едік», – деді халықаралық турнирге қатысушы Мутлу Кызылбулга
Құсбегілік өнеріне нәзік жандылар да қызығып жүр. Қазір Қазақстанда он шақты қыз құсбегі бар. Олар жарыста ерлермен қатар өнер көрсетіп, өзара бақ сынады.
«Ең алдымен, бұл – физикалық тұрғыдан қиын өнер. Өйткені жаттығу кезінде құстардың салмағы 6-7 келіге дейін жетеді. Ал жаз мезгілінде 10 келіге дейін барады. Мына құстың аты – Балқұстар. Оны өзіміздің чемпионымыз деп айтуға болады. Бұл – жаттықтырушымыздың құсы. Ол құсты туған кезінен бастап баптап келеді», – деді халықаралық турнирге қатысушы Аяжан Даниярқызы.
Жарыс қорытындысы бойынша әртүрлі санатта тоғыз жүлдегер анықталды. Олар - Қазақстанның алты өңірінен, сондай-ақ Түркия мен Ресейден келген қатысушылар. Жеңімпаздарға ақшалай сертификат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
«Қансонар – 2026» турнирі ұлттық өнерді ұлықтап, отандық және шетелдік құсбегілердің басын қосты.
Диана Тұрлыбек, Карина Негметова, Рамиль Дусумов
Оқи отырыңыз: Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі «Жыл музейі» атағына үміткер атанды