Богданович мұздығы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады және қорықтық режим қолданылатын экологиялық тұрақтандыру аймағында орналасқан
Қар көшкіні қаупінің жоғары деңгейде сақталуына байланысты Кіші Алматы өзені алабында орналасқан Богданович мұздығы мен «Шымбұлақ» курорттық аймағында белгіленген шектеулерді сақтау қажет.
Бұл туралы «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық парктің мәліметінше, Богданович мұздығы ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады және қорықтық режим қолданылатын экологиялық тұрақтандыру аймағында орналасқан.
Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңының 45-бабына сәйкес, бұл аумақта реттелетін экологиялық туризмнен өзге шаруашылық және рекреациялық қызмет түрлеріне тыйым салынады.
"Метеорологиялық жағдайдың қолайсыздығын, қар жамылғысының қалыңдығын және көшкін қаупі бар учаскелердің болуын ескере отырып, аталған аумақтарда туристер мен азаматтардың жүруі олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін", - делінген хабарламада.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңнама талаптарын сақтау мақсатында «Іле-Алатау» МҰТП төмендегілерді қажет деп санайды:
1.қар көшкіні қаупі бар учаскелерге баруды шектеу;
2.рұқсат етілмеген маршруттарға шығуға тыйым салу;
3.қорықтық аймақ режимінің сақталуын қамтамасыз ету.
Аталған шаралар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: елімізде 2 өңірде көлік қозғалысы шектелді