Зейнеткерге тиесілі автокөлікті Ағадыр кентінен шамамен 35 шақырым қашықтықта, таулардың ортасындағы дала жолынан тапқан
Қарағанды облысында 5 күннен бері із түссіз кеткен ер адам өлі табылды. 72 жастағы ауыл тұрғыны айдалада көлігінің ішінде жан тапсырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ағадыр кентінің тұрғыны жол талғамайтын көлігімен иен далаға мал іздеуге 18 желтоқсанда кеткен. Бірақ жақындарынан бұл туралы хабарлама екі күннен кейін түсіпті. Іздестіру жұмыстарына екі ұшу аппараты, сондай-ақ спутниктік байланыс жабдықтары қолданылды. Полиция жоғалған зейнеткерге тиесілі автокөлікті Ағадыр кентінен шамамен 35 шақырым қашықтықта, таулардың ортасындағы дала жолынан тапқан.
«Автокөлік қарға көміліп қалған. Автокөлік салонын тексеру кезінде жүргізуші орындығында ер адамның мәйіті анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.
Оқи отырыңыз: Туған әкесін ұрып өлтірген ер адамның ісі сотқа жолданды