Қазіргі кезде аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр
Қарағандыда қылмыстың ізін жасыру мақсатында автокөлікті өртеп жіберген күдікті ұсталды. Таңғы уақытта 63 жастағы ауыл тұрғыны өзіне тиесілі автокөліктің отқа оранғанын байқап, полицияға жүгінген. Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
ІІМ баспасөз қызметінен хабарлағандай, кадрларда таңғы сағат 5.00 шамасында белгісіз ер адамның тұрақта тұрған көлікке жақындап, жүргізуші есігінің әйнегін сындырғаны көрінеді. Кейін ол салонға кіріп, өшірілмеген темекі тұқылын тастап шығып кеткен. Біраз уақыттан соң көлік жалынға оранып, толықтай жанып кеткен.
Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтады. Нәтижесінде 37 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындады.
Алдын ала анықталғандай, күдікті бұған дейін аталған көлікте болған 1 мың АҚШ долларын қолды еткен. Кейін ұрлық фактісі әшкереленіп қалудан қауіптеніп, қылмыстың ізін жою үшін көлікті өртеп жіберуге бел буған. Осылайша, ол ұрлықтың айғақтарымен бірге автокөліктің өзін де жоймақ болған.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауда. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда Қашаған газ өңдеу зауыты жобасын іске асыру басталды